Қылмыс – қоғамның тұрақтылығына нұқсан келтіретін күрделі құбылыс. Оның салдары бір ғана адамға емес, тұтас отбасы мен қоғамдық ортаға әсер етуі мүмкін. Сондықтан қылмыспен күресте жазалау шараларымен қатар оның алдын алу жұмыстарының маңызы зор.
Әсіресе отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесі қоғамның жіті назарын талап етеді. Үй ішіндегі жанжалдың соңы ауыр зардаптарға әкелуі ықтимал. Мұндай жағдайда «отбасының ішкі мәселесі» деп үнсіз қалу – дұрыс ұстаным емес. Зорлық-зомбылыққа тап болған адамға дер кезінде көмек көрсету және құқықтық қолдау көрсету қажет.
Құқық қорғау органдарының міндеті – азаматтардың өмірі мен денсаулығын қорғау, құқық бұзушылыққа тиісті құқықтық баға беру. Ал қоғамның міндеті – зорлық-зомбылыққа бейжай қарамау.
Кей жағдайда жәбірленушілер өз құқықтарын білмегендіктен немесе қысымнан қорқып, көмек сұрауға қиналады. Сондықтан құқықтық сауаттылықты арттыру – қылмыстың алдын алудың маңызды тетігі. Азамат өзінің қандай құқықтары бар екенін, қайда және қалай жүгіну керектігін білген жағдайда қауіпке қарсы тұру мүмкіндігі де артады.
Балалар мен жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу да ерекше маңызға ие. Балаға көңіл бөлу, оның ортасын бақылау, тәрбиелік жұмыстар жүргізу – кейінгі үлкен мәселелердің алдын алатын шаралар.
Қылмыстың алдын алу тек полицияның жұмысы емес. Бұл бағытта отбасы, білім беру ұйымдары, жергілікті атқарушы органдар және қоғамдық ұйымдар бірлесіп жұмыс істеуі керек.
Заңға құрмет пен адам өміріне деген жауапкершілік қоғамның әр мүшесінің бойында қалыптасқанда ғана қылмысқа қарсы берік қорған құрылады.
Тоғжан ЖОЛДЫҒАЛИ

