Адамның жеке мүлкі – оның еңбегінің нәтижесі. Үйі, көлігі, жинаған қаражаты немесе басқа да дүние-мүлкі заңмен қорғалуға тиіс. Сондықтан меншік құқығын қорғау – құқықтық мемлекеттің негізгі міндеттерінің бірі.
Мүлікке қатысты құқық бұзушылықтардың алдын алу үшін азаматтардың өздері де қауіпсіздік шараларына жауапкершілікпен қарауы қажет. Үйді ұзақ уақыт қараусыз қалдыру, көлік ішінде бағалы заттарды ашық қалдыру немесе жеке деректерді бөтен адамдарға беру ұрлық пен алаяқтыққа жол ашуы мүмкін.
Қазіргі уақытта мүлікті қорғаудың дәстүрлі тәсілдерімен қатар заманауи технологиялардың мүмкіндігін пайдалану маңызды. Бейнебақылау жүйелері, дабыл құрылғылары, қауіпсіздік сервистері құқық бұзушылықтың алдын алуға көмектеседі.
Алайда техникалық құралдың болуы ғана жеткіліксіз. Азаматтардың сақтық мәдениеті де жоғары болуы керек. Мысалы, банк картасының деректерін, құпия кодтарды, электронды қолтаңбаға қатысты ақпаратты бөтен адамға бермеу – қаржылық және мүліктік қауіпсіздіктің қарапайым ережесі.
Кәсіпкерлер үшін де мүлікті қорғау өзекті. Сауда орындары мен өндірістік нысандардағы қауіпсіздік талаптарын сақтау материалдық шығындардың алдын алуға мүмкіндік береді.
Меншікке қол сұқпаушылық қағидаты сақталған қоғамда азаматтардың мемлекетке деген сенімі де нығаяды. Сондықтан мүлікті қорғау – тек материалдық құндылықтарды сақтау емес, адамның заңмен қорғалған құқығын қамтамасыз ету.
Қауіпсіздікке немқұрайлы қарамай, қарапайым сақтық ережелерін сақтау – әр азаматтың өз мүлкін қорғаудағы алғашқы қадамы.
Тоғжан ЖОЛДЫҒАЛИ

