Жастар арасында құқық қорғау органдарының қызметін кеңінен насихаттау, полиция мамандығының беделін арттыру, сондай-ақ ішкі істер органдарында қызмет атқаруға ниетті жастарды кәсіптік бағдарлау мақсатында Талғар ауданы полиция басқармасында Талғар аудандық Жастар ресурстық орталығының жастарының қатысуымен «Ашық есік күні» іс-шарасы ұйымдастырылды.
«Заң мен тәртіп» қағидаты аясында өткен іс-шара барысында қатысушылар полиция қызметінің негізгі бағыттарымен, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, құқықбұзушылықтардың алдын алу, азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау бағытында атқарылып жатқан жұмыстармен жан-жақты таныстырылды.
Кездесу аясында жастармен ашық форматта пікір алмасу ұйымдастырылып, ішкі істер органдарына қызметке қабылдау тәртібі, кандидаттарға қойылатын біліктілік талаптары, іріктеу кезеңдері, арнайы тексерулерден өту рәсімі, кәсіби даярлық деңгейіне қойылатын талаптар, әлеуметтік кепілдіктер мен мансаптық өсу мүмкіндіктері туралы жан-жақты түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар жастарға «Qyzmet Police» ақпараттық жүйесінің мүмкіндіктері таныстырылып, аталған цифрлық платформаның ішкі істер органдарына қызметке орналасуға ниетті азаматтар үшін қолайлы сервис екені түсіндірілді. Қатысушыларға жүйе арқылы бос лауазымдар туралы ақпаратпен танысуға, қызметке қабылдау тәртібі мен қойылатын талаптар жөнінде мәлімет алуға, сондай-ақ іріктеу кезеңдері бойынша қажетті ақпаратты қолжетімді форматта алуға мүмкіндік бар екені жеткізілді. «Qyzmet Police» платформасын пайдалану азаматтардың ішкі істер органдарына орналасу үдерісінің ашықтығы мен қолжетімділігін қамтамасыз етуге бағытталған маңызды цифрлық бастамалардың бірі екені атап өтілді.
Ерзат АСЫЛ

