Абай күніне орай Алматы облыстық «Тіл» оқу-әдістемелік орталығының Еңбекшіқазақ аудандық филиалы мен Есік археологиялық өлкетану музейінің бірлесіп ұйымдастыруымен «Халықтың ұлы Абайы» атты дөңгелек үстел өтті.
Тағылымды шараға Есік археологиялық өлкетану музейінің қызметкерлері, Еңбекшіқазақ аудандық отбасын қолдау орталығының мамандары және аудандық ардагерлер ұйымының мүшелері қатысты. Басқосу барысында Абай мұрасының тәрбиелік мәні кеңінен сөз болып, ұлы ойшылдың шығармаларындағы отбасы құндылықтары, адами қарым-қатынас, бала тәрбиесі, білім мен ғылымға ұмтылу, адал еңбек және ел бірлігін сақтау мәселелері талқыланды.
Есік археологиялық өлкетану музейінің директоры Нарима Жолдасбайқызы мен «Тіл» оқу-әдістемелік орталығының оқытушысы Данияр Өтепберген мазмұнды баяндама жасап, ақынның өмір жолы мен шығармашылық мұрасына тоқталды. Дөңгелек үстелге қатысушылар хәкімнің өнегелі сөздерін қазіргі қоғамның тәрбиесімен сабақтастыра білді.
Кездесуде аудандық «Асыл ана» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Базаркүл Камрадинова бастаған аналар қауымы да ой-пікірлерін ортаға салды. Абайдың қара сөздерінде көтерілген мінез-құлық, ар-ұят, жауапкершілік, талап, еңбек, білім және адам болу мәселелерінің отбасы тәрбиесінде алатын орны ерекше екені айтылды.
Аналар кеңесі мүшелерінің пікірінше, Абай мұрасын жас ұрпаққа жеткізу – баршаға ортақ міндет. Себебі ұлы ақынның шығармаларында ата-анаға құрмет, үлкенді сыйлау, кішіге қамқор болу, елге қызмет ету секілді ұлттық тәрбиенің негіздері терең көрініс тапқан. Бұл құндылықтар отбасы тәрбиесімен бала бойына берілгенде ғана қоғамның рухани негізі нығая түсетіні анық.
Дөңгелек үстел барысында Отбасын қолдау орталығының әлеуметтік қызметкерлері Баян Бауыржанқызы мен Надиа Нарат Абайдың сырлы да сазды өлеңдерін нақышына келтіре оқып, жиынның мазмұнын байыта түсті.
Абай – бір дәуірдің ғана ақыны емес, барша қазақтың рухани ұстазы. Оның әрбір өлеңі мен қара сөзі адамды ойлануға, өзін тануға, жақсы мен жаманды ажыратуға жетелейді. Сондықтан ақын мұрасын ұлықтау – өткенді еске алу ғана емес, келешек ұрпақтың рухани бағдарын айқындау.
Тағылымды басқосу соңында әжелер әсем ән шырқап, Абай әндерін әуелетті. Ұлы ақынның сырлы әндері мен өлеңдерімен өрілген кеш қатысушыларға рухани мол азық болды.
Құралай МҰРАТҚЫЗЫ,
Алматы облыстық «Тіл» оқу-әдістемелік орталығы
Еңбекшіқазақ аудандық филиалының меңгерушісі

