Перейти к содержимому

Қырағылық – оған тән

29 қаралым

Даниал сыбдырын шығармаған күйі дүрбіден көзін алып, сағатына қарады. Өздерінің қозғалыссыз жатқандарына бар болғаны он-ақ минут өтіпті. Осындайда уақыттың да өтіп болмайтыны-ай. Әне, екі елдің арасына тартылған инженерлік қоршаудан бері қарай өткен адам жан-жағын шола бастады. Мұнысы, жақын маңда шекарашылардың бар-жоғын тексергені болса керек. Ақыры таудың ішінде өзінен басқа тірі жанның жоқ екеніне көзін жеткізген ол бері қарай жүрген. Біздің жерге. Заңсыз. Осының барлығын үнсіз бақылап жатқан аға нарядшының жүзі жауар бұлттай түнеріп кетті. Қаскөйдің қасына жетіп барып, қару кезенер еді. Болмайды. Ерте. Жаңа ғана мемлекеттік шекараны бұзған адамды өздеріне әлі де болса жақындата түсу керек.

«Қап! Бөтен елдің аумағына жасырын кіргенімен қоймай, өзінің еркінсуін қарашы?! Мына таудың ішінде өзінен басқа ешкім жоқ екеніне әбден сенімді секілді. Жоқ, қателесесің! Сенің әрбір қадамыңды аңдып жатқан шекарашылар бар!» Бұл – Даниалдың ойы. Көз алдарында болып жатқан оқиғаны үнсіз бақылаған қатардағы жауынгер Мейіржан Салғаның да дәл осылай ойлап, аға нарядшы секілді зығырданы қайнап жат­қаны бесенеден белгілі еді.
Уақыт! Әрі қарай өрбіген оқиға көзді ашып-жұмғанша өте шыққан. «Тоқта! Көтер қолыңды!» деп саңқ ете қалған қаһарлы дауыс шекара бұзушыны тырп еткізбеген. Бұл-бұл ма, шекарашының даусынан құлақ тұнып, тау мен тас жаңғырығып кеткендей болды. Осыдан кейін қаскөй қайдан тырп етсін, өзінің мықтап қақпанға түскенін түсінген болуы керек, басы салбыраған күйі қатқан да қалған.
Әрі қарай, рацияға да «жан» біткен. Аға нарядшы өздерінен 5 шақырым жердегі шекаралық постпен байланысқа шығып, шекара бұзушыны ұстағандарын баяндаған. Бұдан кейінгісі белгілі, постағылар болған оқиғаны шекара бөлімшесінің кезекшісіне жеткізе салып, өздері осында жеткенше асығады.
Әне, өздері де көрінді. «Дабыл» шекара нарядын көзді ашып-жұмғанша жеткізген әскери көлік ентіге демалады. Ал аға нарядшы бастаған шекарашылар бірден іске кіріскен. Келісімшарт қызметінің ефрейторы Даниал Әли мен мерзімді қызметтің қатардағы жауынгері Мейіржан Салға мемлекеттік шекара бұзушыны қолға түсірген аумақ дереу бақылауға алынып, барлау жұмысы басталып кеткен.
Сөйтсек, бұл өз еліндегі әділ соттан жалтарып, шекара асқан жателдік көрінеді. Өзі өндірдей жас, 20-ға енді толған бозбаланың айтуынша, есірткімен айналысып, қолға түскен танысына қатысты қылмыстық іске куәгер ретінде шақырту алғаны үшін көрші елге өтіп, ізін суытпақ болған. Алайда, Тоныкөк бабамыз: «Күндіз отырмадым, түн ұйықтамадым» деп айтып кеткендей, ел шебін күні-түні қырағылықпен күзететін біздің шекарашылар көрші ел азаматының жоспарын іске асырмай тастады. Бұл шекарадан шыбын да өтпейтінінің айғағы болса керек.
Біз қас пен көздің арасында мемлекеттік шекара бұзушыға айналып шыға келген азаматты қолға түсірген аға нарядшымен шекаралық поста кездесіп, сұхбаттасқан едік. Келісімшарт қызметінің ефрейторы Даниал Әли өзінің азаматтық борышын еліміздің батысындағы Бейнеу ауданы бойынша шекара басқармасында өтепті. Сосын, әскерден кейін өзінің туған жері – Сыр өңіріне қайта оралған ол көп ойланып-толғанбастан, ел шебіне оралуды шешіпті. «Шынымды айтсам, мен өзімді шекарасыз елестете алмадым. Шекарашылардың қызметі – күрделі ғана емес, тұнып тұрған романтика. Осыны түсіндім де, уақытымды текке өткізгім келмей, құжаттарымды Алматы облысы бойынша департаментіне өткіздім. Қазір өзімнің осы шешіміме қуанбасам, өкінбеймін», – дейді Даниал күлімсіреп.
Бүгінде Қарасай ауданы бойынша шекара басқармасының «Жамбыл» шекара бөлімшесінде қызмет етіп жүрген осы бір сымбатты шекарашы жуырда ғана мемлекеттік шекара бұзушыны шебер құрықтау ісімен ерекшеленді. Осылай ету арқылы ол ел шебінде ерлер жүргенін көрсетті. Алдағы уақытта да солай боларына сеніміміз кәміл.

Өз тілшіміз
Қарасай ауданы