Перейти к содержимому
Басты бет / Барлық жаңалықтар / «Заң мен тәртіп» – қауіпсіз қоғамның берік негізі

«Заң мен тәртіп» – қауіпсіз қоғамның берік негізі

59 қаралым

Қоғамның тыныштығы мен елдің тұрақтылығы ең алдымен заңға деген құрметтен басталады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Заң мен тәртіп» қағидатын ел дамуының негізгі бағыттарының бірі ретінде айқындауы – уақыт талабынан туындаған маңызды шешім. Бұл ұстаным тек құқық қорғау органдарының қызметіне ғана емес, қоғамның әр мүшесінің күнделікті өміріне тікелей қатысты.

«Заң мен тәртіп» дегенді тек құқық бұзған адамды жауапкершілікке тарту деп түсінбеуіміз керек. Оның мәні әлдеқайда терең. Бұл – заңды құрметтеу, өз құқығыңды білу, өзгенің құқығына қол сұқпау, қоғамдық тәртіпті сақтау және жасаған әр әрекетің үшін жауапкершілік ала білу. Мемлекет басшысы да бұл қағидатты құқықтық мемлекеттің негізі, қоғамның тұрақты дамуының маңызды шарты ретінде атап келеді.

Полиция қызметкері ретінде мен күн сайын осы қағидаттың маңызын нақты өмірден көріп жүрмін. Қоғамдағы тыныштық өздігінен қалыптаспайды. Оның артында заң талаптарын сақтайтын азамат, өз міндетін адал атқаратын мемлекеттік қызметші, қауіпсіздікті қамтамасыз ететін полиция қызметкері және құқықбұзушылыққа бейжай қарамайтын қоғам тұр.

Бүгінде құқық қорғау органдарының жұмысы тек қылмыс жасалғаннан кейін әрекет етумен шектелмейді. Ең маңызды бағыттардың бірі – құқықбұзушылықтың алдын алу. Өйткені бір қылмыстың жолын кесу – бір адамның ғана емес, тұтас отбасының, кейде бірнеше адамның тағдырын қорғау деген сөз. Осы тұрғыдан алғанда профилактикалық жұмыстың маңызы айрықша. Қазақстанда құқықбұзушылықтардың алдын алуға бағытталған жаңа заңнамалық тетіктер де енгізіліп, профилактика жүйесін жетілдіруге басымдық берілуде.

«Заң мен тәртіп» отбасынан басталуы тиіс. Баланың бойына үлкенді сыйлау, қоғамдық ортада өзін дұрыс ұстау, өзгенің мүлкіне қол сұқпау, жол қозғалысы ережесін сақтау, интернеттегі қауіпсіздік талаптарын білу сияқты қарапайым дағдылар ерте жастан қалыптасқаны жөн.

Әсіресе жастар мәселесіне ерекше назар аудару қажет. Жасөспірімнің бір қателігі оның болашағына әсер етуі мүмкін. Сондықтан полицияның міндеті – тек жауапкершілікке тарту емес, жас буынға құқықтық түсінік беру, қауіптің алдын алу, дұрыс бағыт көрсету. Бұл бағытта ата-ана, мектеп, жергілікті атқарушы органдар және құқық қорғау құрылымдары бірлесе жұмыс істегенде ғана нақты нәтиже болады.

Заң алдында бәрі тең. Бұл – «Заң мен тәртіп» қағидатының ең маңызды ұстанымдарының бірі. Адамның әлеуметтік жағдайына, қызметіне немесе қоғамдағы беделіне қарамастан, заң талаптары баршаға ортақ.

Нұрбол ҚАМАУБАЕВ,

Балқаш аудандық полиция

бөлімінің бастығы,

полиция подполковнигі