Перейти к содержимому

Конституция және заң үстемдігі

38 қаралым

Заң үстемдігі – тұрақты әрі қауіпсіз мемлекеттің негізгі тіректерінің бірі. Оның басты қағидалары Қазақстан Республикасының Конституциясында бекітілген. Ата Заңның жоғары заңдық күші бар және оның нормалары еліміздің барлық аумағында тікелей қолданылады.

Заң үстемдігі дегеніміз – қоғамдағы барлық азаматтар мен мемлекеттік органдардың заң талаптарын сақтауы. Заң алдында ешкімнің артықшылығы болмауы тиіс. Бұл қағида әділдікті қамтамасыз етіп, азаматтардың мемлекетке деген сенімін арттыруға ықпал етеді.

Қоғамда тәртіптің болуы әр адамның заңға деген көзқарасына байланысты. Жол қозғалысы ережесін сақтау, қоғамдық орындарда тәртіпті бұзбау, өзгенің мүлкіне қол сұқпау, салықтық және басқа да міндеттемелерді орындау – заң талаптарын күнделікті өмірде сақтаудың қарапайым мысалдары.

«Заң мен тәртіп» қағидаты да осы жауапкершілікті күшейтуге бағытталған. Құқықбұзушылықтың алдын алу, азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру және заң талаптарын түсіндіру жұмыстары қоғам қауіпсіздігін қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады.

Заң үстемдігі тек мемлекеттік органдардың жұмысына қойылатын талап емес. Ол – бүкіл қоғамға ортақ қағида. Әр азамат заңды құрметтеп, өз міндетін адал орындаған кезде ғана әділетті әрі қауіпсіз орта қалыптасады.

Сондықтан Конституцияны құрметтеу – заңды құрметтеуден, ал заңды құрметтеу өз әрекетіңе жауапкершілікпен қараудан басталады.

Раушан САНАТҚЫЗЫ, Алматы облыстық мемлекеттік

архивінің Кеген аудандық филиалының директоры.