Перейти к содержимому

Тыныштық күзетінде

32 қаралым

Қазақстан мен Қырғызстан шекарасында «Қарқара-Кеген» өткізу бекеті бар. Мұнымен қоса, өңірде «Қарқара», «Рабат» және «Саты» шекара бекеттерін айта кеткен жөн. Мұнда қырағы көзді шекарашылар ел тыныштығын күзетіп тұр.

Шекарашылар күніне орай Кеген ауданының әкімі Нұрбақыт Теңізбаев Қарқара ауылындағы Мәдениет үйінде нағыз ерге тән ауыр мамандықты таңдап, елдің тыныштығын күзеткен шекара шебіндегі азаматтарды мерекелерімен құттықтап, ерлік ешқашан ұмытылмайтынын айтты. 
– Отан қорғаудағы ата-әкелердің ерлігі мен қаһармандығын бүгінде бейбіт өмір, бақытты тұрмыс кешіп жатқан ұрпақ ұмытпаса керек. Баршаңызға зор денсаулық, отбасының амандығы мен берекесін тілейміз, – деген аудан басшысы «Кеген», «Қарқара» және «Аманжол» шекара бөлімшелерінің бірқатар әскери қызметшісіне Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттарды табыстады.
Өз кезегінде сөз алған полковник Нұрлан Мейманқұлов:
– Шекарамыз бүтін, аспанымыз ашық, күніміз шуақты, әскеріміз қуатты болсын! Әрдайым бейбітшілік салтанат құрып, Қазақстанымыз мәңгі жасай берсін! – деп ізгі тілегін жеткізді.
Салтанатты шарада аудан көркемөнерпаздары Таңшолпан Өзбекова, Шәмші Мәжит, Бахаргүл Айтбаевалардың орындауындағы әскери-патриоттық әндер шырқалып, сарбаздарға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Қарабұлақ ауылдық округіне қарасты Ақай Нүсіпбеков ауылында да салтанатты жиын өтті. Ауыл әкімі Рүстем Әлімов жиынға қатысушыларды Шекарашылар күні мерекесімен құттықтап, қызметтерін мінсіз атқарып жүрген бірқатар шекара қызметкерін Алғыс хаттармен марапаттады. Салтанатты жиын ауыл өнерпаздарының арнайы әзірлеген концерттік бағдарламасымен жалғасты. Сондай-­ақ, Кеген аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Жасұлан Өмірзақов Саты ауылындағы «Саты» шекаралық бекетіне барып, бірқатар әскери сала маманымен кездесіп, құрмет көрсетті.

Дәурен ӘБУТӘЛІПОВ

Кеген ауданы