Жамбыл ауданында егін ору науқаны қарқынды жүріп жатыр. Диқандар ауа райының қолайлы сәтін тиімді пайдаланып, белгіленген жоспарды орындауға күш салуда. Алқапқа қажетті ауыл шаруашылығы техникалары жұмылдырылып, өнімді ысырапсыз жинап алу үшін кешенді жұмыс атқарылуда.
Аққайнар ауылындағы «Төре» шаруа қожалығы да астық ору науқанын белгіленген мерзімде бастады. Қожалық төрағасы Қамбархан Үмбетовтің айтуынша, биыл 30 гектар алқапқа бидай, 100 гектарға арпа сепкен. Көктемгі мол жауын мен жазғы қолайлы ауа райының арқасында егін бітік шықты. Жайқалып өскен егін ысырапсыз жиналып, өнімділік әр гектарына шаққанда шамамен 18-20 центнерден айналды. Қожалық орақ науқанын ойдағыдай аяқтады. Енді түскен өнімнен үлескерлеріне астық береді. Өйткені қожалық пайдаланып отырған жер үлескерлерге тиесілі. Таратып бергеннен кейінгі қалған өнім қожалықтың өз қажетіне жаратылады. Одан бөлек арпа мен бидайдың сабаны, жоңышқа мал азығы үшін жиналады.
Қамбархан Үмбетов аталған қожалықты 2002 жылы құрған. Содан бері жерден нәсібін тауып, ауыл шаруашылығын өркендетіп келеді. Қамбархан қария биыл 80 жасқа толды. Ақсақал әлі де еңбектен қол үзбей, шаруашылығын өзі басқарып келеді. Көлігін өзі тізгіндеп, егістік басындағы әр жұмысты жіті қадағалайды. Ауылда адал еңбегімен көпке үлгі. Әке өнегесімен өскен ұлдары Асхат пен Бауыржан да ауыл шаруашылығында еңбектеніп, әкелеріне көмектесіп, қожалықтың жұмысына белсене атсалысып жүр. Оған қоса Асхат мал шаруашылығымен де айналысады. Ол үшін өз алдына жеке «Асхат» шаруа қожалығын құрып, ірі қара өсіреді.
«Жерге еңкейсең жемісін береді. Іс тетігін таба білсең, табысқа кенелесің. Жұмыс істеп, табыс табамын дегенге мүмкіндік мол. «Ерінбей еңбек етсең шыдап егер, тікен де гүлге айналып шыға келер» деген халық даналығын әрдайым есте ұстаған абзал», – дейді ауданның Құрметті азаматы, кәсіпкер Қамбархан ақсақал.
Серік САТЫБАЛДИЕВ
Аққайнар ауылы,
Жамбыл ауданы
