Перейти к содержимому

Зорлықты жасыру – оны тоқтатпайды

14 қаралым

«Отбасының ішкі мәселесі». «Өзі шешіп алады». «Балалар үшін шыдау керек». Осындай сөздер кейде зорлық-зомбылықты тоқтатудың орнына, оның жалғасуына себеп болады.

Тұрмыстық зорлық-зомбылық көбіне сырт көзге байқалмайды. Үйдің есігі жабылғаннан кейін адамның қандай жағдайға тап болғанын ешкім білмеуі мүмкін. Ал жәбірленуші қорқыныштан, ұяттан немесе жақындарының тағдыры үшін алаңдап, көмек сұрауға батпайды.

Зорлық-зомбылықтың қауіптілігі де осында. Ол бір күнде пайда болмайды. Бақылау, қорқыту, кемсіту, ақшаға шектеу қою сияқты әрекеттерден басталып, уақыт өте келе физикалық күш көрсетуге ұласуы мүмкін.

Сондықтан қоғамда зорлыққа бейжай қарамау мәдениетін қалыптастыру қажет. Көршінің үйінен жиі жанжал естілсе немесе жақын адамның қауіпсіздігіне алаңдататын жағдай байқалса, «бұл менің шаруам емес» деп сырт айналмау маңызды.

Әсіресе балалардың жағдайына ерекше назар аударған жөн. Үйдегі зорлықты көріп өскен бала оның салдарын ұзақ уақыт бойы сезінуі мүмкін.

Зорлық-зомбылықты жасыру арқылы отбасы сақталмайды. Нағыз отбасы – қорқынышқа емес, қауіпсіздік пен құрметке негізделген орта.

Сондықтан зорлықтың кез келген түріне көз жұма қарамау – бір адамның ғана емес, тұтас қоғамның жауапкершілігі.

Тоғжан ЖОЛДЫҒАЛИ