Облыста «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық бағдарламасы аясында дәстүрге айналған «Таза бейсенбі» акциясы өтті. Сенбілікке өңір бойынша 25 мыңға жуық адам атсалысып, нәтижесінде 545 тонна қоқыс шығарылды, 302 гектар аумақ тазартылды. Бұл акцияның басты ерекшелігі – қатысушылар тазалық жұмысын жүргізіп қана қойған жоқ, сонымен қатар бос жұмыс орындар жәрмеңкесіне қатысып, өзіне лайық жұмыс табу мүмкіндігіне ие болды.
Бұл игі бастаманы облыстық еңбек мобильдігі орталығы, жастар саясаты мен тілдерді дамыту басқармалары бірігіп қолға алған. Шараға әкімдік пен мемлекеттік орган қызметкерлері, қоғамдық ұйым өкілдері, жастар мен еріктілер, жергілікті тұрғындар, сондай-ақ тілдерді дамыту басқармасында қазақ тілін меңгеріп жүрген азаматтар үлесін қосты. Олардың қатарында облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев те болды. Аймақ басшысы жәрмеңке жұмысымен танысып, еріктілермен, жастармен ашық әңгіме өрбітті. Қоғамдық жұмыстарға біркісідей жұмылу мен өңір тазалығын сақтаудың маңызына тоқталды.

Қонаев қаласында өткен жәрмеңкеде өнеркәсіп, құрылыс, логистика мен қызмет көрсету саласының кәсіпорындары, сондай-ақ құқық қорғау органдары, төтенше жағдайлар қызметі мен денсаулық сақтау мекемелері бос жұмыс орындарын ұсынды. Қызығушылық танытқандардың дені – жастар. Оларға толық мәлімет беріліп, еңбек жағдайы, жалақы мөлшері мен талаптары түсіндірілді. Нәтижесінде 10-ға жуық адам тұрақты жұмысқа орналасу туралы келісімге келіп, бірқатары қоғамдық жұмысқа тартылды, кейбірі әлеуметтік жұмыс орындарына жіберілді. Сондай-ақ «Жастар практикасы» бағдарламасына ұсынылған азаматтар да болды.

Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің кадр және тәрбие жұмысы басқармасының бас маманы, аға лейтенант Мағжан Мұхаметжанов жүргізуші, өрт сөндіруші және құтқарушыға арналған бос лауазымдар бар екенін айтады.
– Талаптар аса қиын емес. Бізге негізінен 35 жасқа дейінгі жас мамандар керек. Сонымен қатар жүргізуші болу үшін C санатындағы куәлігі болуы міндетті. Жұмысқа орналасуға ниет білдіргендер көп болды. Бізде қыркүйек айында конкурс ашылады. Сол кезде бүгін қызығушылық білдірген азаматтарға өзіміз хабарласып, жұмысқа қабылдаймыз, – деді аға лейтенант.
Марат Елеусізұлы Алатау қаласындағы Заречний ықшамауданында өткен сенбілікке де барды. Мұнда 170-ке жуық тұрғын таңғы 7-ден жұмысқа кірісті. Олар жол жиегі мен аулаларды қоқыстан тазартып, көгалдандыру жұмысын жүргізді. Солардың бірі – Риза Сауырбаева.

– Әр апта «Таза Қазақстан» бағдарламасын қолдап, ауызбіршілікпен еліміздің көркеюіне атсалысамыз. Мысалы, алдыңғы бейсенбіде бір көшеде тұратын көршілер бірігіп, дәл жанымыздағы тоғайды тазаладық. Бүгін де қалыс қалғанымыз жоқ. Бұл елге деген сүйіспеншіліктің жарқын көрінісі деп ойлаймын. Оны тек сөзбен емес, іспен дәлелдеу керек. Өңіріміздің таза болуы өз қолымызда, – деді ол.
Айта кетейік, жыл басынан бері өңірде 27 сенбілік ұйымдастырылды. Оған 614 мыңнан астам адам қатысты. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде 14 172 тонна қоқыс шығарылып, 8 287 гектар аумақ тазартылды. 103 881 ағаш отырғызылып, 3 757 арнайы техника жұмылдырылды.
Гүлзат БАЙҚОНЫС
Қонаев, Алатау қалалары
