Адам көбіне қауіпсіздік туралы мүлкін жоғалтқаннан кейін ойланады. Бірақ ұрлық пен басқа да құқық бұзушылықтардың алдын алуға мүмкіндік бар.
Үйден ұзақ уақытқа кетер алдында есік-терезені тексеру, көлікті жарық әрі қауіпсіз жерге қою, бағалы заттарды ашық қалдырмау – қарапайым сақтық шаралары.
Цифрлық кеңістікте де дәл осындай тәртіп қажет. Банк картасының деректерін, құпия сөздерді сақтықпен пайдалану және әлеуметтік желіде жеке ақпаратты шамадан тыс жарияламау мүлікті қорғауға көмектеседі.
Бұдан бөлек, азаматтар күмәнді жағдайға тап болғанда дер кезінде құқық қорғау органдарына хабарлаудан тартынбауы керек. Қылмыстың алдын алу үшін ақпараттың маңызы зор.
Ал қоғамдық тәртіптің сақталуы көшедегі қауіпсіздікке де әсер етеді. Мас күйіндегі адамдардың жанжал шығаруы, жол ережесін бұзу немесе бөтеннің мүлкіне зиян келтіру сияқты әрекеттердің алдын алу – ортақ міндет.
Мүлікті қорғау – тек құлып пен камераның жұмысы емес. Ол адамның өз қауіпсіздігіне деген жауапкершілігінен басталады.
Дәурен ӘБУТӘЛІПОВ
