Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен өткен жылдан бастап Қазақстанда «Республика күні» мерекесі ұлттық мейрам ретінде қайта тойлана бастады. Бұл – өте дұрыс шешім болды. Өйткені бұдан 33 жыл бұрын дәл осы күні, 1990 жылы 25 қазанда «Қазақ КСР-нің мемлекеттік егемендігі туралы» декларация қабылданған еді. Сондықтан, менің пайымдауымша, біздің егемендігіміздің бастауы осы күн! Сол күннен бастап Қазақстанның тәуелсіз мемлекет болуына тура жол ашылды. Себебі, алғаш рет сол декларацияда еліміздің тәуелсіз мемлекет ретіндегі саяси-құқықтық негіздері жарияланды. Соның арқасында Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасы бірқатар жаңа өкілеттіліктерге қол жеткізіп, ішкі әскер, мемлекеттік қауіпсіздік және ішкі істер ұйымы сияқты өзінің қүштік құрылымдарын құру құқығына қол жеткізді.
25 қазанды «Республика күні» мерекесі ретінде тойлаудың қоғамдық-саяси маңызы да өте зор деп санаймын. Өйткені, қалыптасқан дәстүрге сай, осы ұлттық мереке қарсаңында елдегі тұрақтылық пен ынтымақтың нығаюына, ауылдар мен қалалардың көркеюіне, мәдениетіміз бен әдебиетіміздің, спортымыз бен өнеріміздің, халқымыздың әлеуметтік-тұрмыс жағдайының жақсаруына негізгі ықпал ететін ұлттық экономиканың дамуына елеулі үлес қосқан азаматтар мен белсенді қоғам қайраткерлері мемлекеттік наградалармен марапатталады. Ал кез келген марапат атақ-абырой, құрмет-беделмен бірге оның иесіне елі мен жерінің өсіп-өркендеуі жолында үлкен жауапкершілік жүктейді. Оны сезінген саналы жандар әрқашан сол марапатқа лайық болуды ойлады. Сондықтан өз қызметінде, қоғамдық ортада үнемі жақсы жағынан көрініп, қаулап өсіп келе жатқан өскелең ұрпаққа өнегелі үлгі көрсетуге тырысады.
Бүкіл Алматы облысының жұртшылығын осы Респулика күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Еліміздің өсіп-өркендеуі жолында облыс халқына бекем бірлік, тату тірлік, толайым табыстар тілеймін! Лайым, Тәуелсіздігіміздің тұғыры мықты болып, Көк Туымыз бейбіт аспанда мәңгі желбірей берсін!
Ахат Солтанқұлов,
Талғар аудандық ақсақалдар алқасының төрағасы