Райымбек ауданындағы сайлау учаскелерінің жұмысы қызу жүріп жатыр. Бұл туралы Райымбек аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Самат Сатылғанов айтып берді.
«Бүгін аудандағы барлық 25 сайлау учаскесі белгіленген уақытында, яғни таңғы сағат 7:00-де Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұранымен ашылды. Сайлау комиссияларының мүшелері өз міндеттерін атқаруға толық дайын. Барлық учаскелерде дауыс беруге қажетті жағдайлар жасалып, сайлау құжаттары мен қажетті құрал-жабдықтар толық дайындалды. Біздің ауданымызда барлығы 18 504 сайлаушы бар. Олардың әрқайсысының сайлау учаскесіне келіп, өз азаматтық таңдауын жасауына мүмкіндік қарастырылған. Комиссия мүшелерінің басым бөлігінің сайлау өткізу бойынша тәжірибесі бар, сондықтан сайлау процесін ұйымдастыру жұмыстары белгіленген тәртіппен жүргізілуде.
Аудан бойынша 25 сайлау учаскесінің үшеуі жабық нысандарда орналасқан. Оның біреуі аудандық ауруханада, екеуі шекара комендатураларында жұмыс істейді. Бұл учаскелерде де сайлаушылардың дауыс беруіне қажетті жағдайлар толық қамтамасыз етілген.