Еңбекшіқазақ ауданындағы №187 сайлау учаскесінде 102 жастағы Ұлы Отан соғысының ардагері, ауданның Құрметті азаматы Солтанбай Жарықбасов сайлауға қатысып, өз таңдауын жасады.
– Еліміздің тыныштығы мен бірлігі әрдайым қымбат. Бүгін ел үшін маңызды сайлауға қатысып, өз таңдауымды жасап жатырмын. Жастарымыз аман болсын, елімізде бейбітшілік пен береке орнасын. Елдің болашағы әр азаматқа ортақ, сондықтан сайлауға қатысу маңызды деп ойлаймын, – дейді 102 жастағы ардагер.
Солтанбай Жарықбасовтың сайлауға қатысуы – ғасырлық тарихты көрген ардагердің ел болашағына деген ақ тілегінің көрінісі. Оның өмір жолы – Отанға қызмет етудің, білім мен еңбекті қадірлеудің және елдік іске бейжай қарамаудың жарқын үлгісі.
Солтанбай Жарықбасов 1925 жылы 17 ақпанда Еңбекшіқазақ ауданындағы Алға ауылында дүниеге келген. 1943 жылы небәрі 18 жасында майданға аттанып, Забайкалье майданында пулемет бөлімшесінің командирі болып қызмет етеді. Жапон милитаристеріне қарсы ұрыс қимылдарына қатысып, Хинган тауларынан өтеді. Елге 1950 жылы оралып, әскери борышын жалпы жеті жылға жуық уақыт атқарады.
Соғыстан кейінгі жылдары Солтанбай Жарықбасов бар ғұмырын ұрпақ тәрбиесі мен ел игілігіне арнайды. Талғар педагогикалық училищесін және Қазақ педагогикалық институтының тарих факультетін тәмамдап, ұзақ жылдар бойы тарих пәнінен сабақ береді. Ауыл мен ауылдың арасын жаяу жүріп өтіп, шәкірттерге білім берген ұстаздың еңбегі ел жадында сақталып отыр.
Солтанбай ақсақал туған ауылының көркеюіне де белсене араласады. Мектептер мен жолдардың салынуына атсалысып, ауылдағы мешіт құрылысына да үлес қосады. Кейін Байтерек ауылдық округі ақсақалдар кеңесін басқарып, ел ішіндегі береке-бірлікті нығайтуға қызмет етеді.
Бүгінде ғасырдан асқан ардагердің өмір жолы – кейінгі ұрпаққа өнеге. Жастық шағын майданда өткізген, бейбіт жылдары ұстаздық етіп, елдің қоғамдық өміріне араласқан Солтанбай Жарықбасовтың бүгінгі сайлауға қатысуы да ерекше мәнге ие.