Бүгін еліміз үшін тарихи маңызы зор саяси науқан – Құрылтай сайлауы өтуде. Бұл – әр азаматтың ел болашағына деген көзқарасын білдіріп, қоғамдық-саяси үдеріске өз үлесін қосатын маңызды сәт. Айтулы күнде Ұйғыр ауданының әкімі Бота Елеусізова да сайлау учаскесіне барып, өз таңдауын жасады.
Аудан әкімі дауыс беру – әр азаматтың ел болашағына деген жауапкершілігін танытатын маңызды қадам екенін атап өтті.
«Бүгін – еліміздің саяси өміріндегі ерекше күн. Құрылтай сайлауы – әр азаматқа өз таңдауын білдіруге мүмкіндік беретін маңызды қоғамдық үдеріс. Біз жасаған таңдау ең алдымен елдің тұрақтылығы мен болашағына бағытталуы керек. Сондықтан әрбір азаматтың сайлауға қатысып, өз азаматтық ұстанымын білдіруі маңызды деп ойлаймын. Еліміз үшін қабылданатын шешімдер халықтың талап-тілегімен, елдің мүддесімен сабақтас болғаны дұрыс. Барша жерлестерімді сайлауға белсенді қатысуға шақырамын», – деді Бота Серікқызы.
Құрылтай сайлауы – елдің қоғамдық-саяси дамуындағы жаңа кезеңнің бастауы. Сондықтан мұндай сәтте әрбір азаматтың дауысы маңызды. Өйткені жарқын болашақ – ел өміріне белсенді араласатын, өз таңдауына жауапкершілікпен қарайтын азаматтардың ортақ ұстанымынан қалыптасады.
Анар Дүйсенбайқызы
Ұйғыр ауданы