Перейти к содержимому

Ардагер дауыс берді

72 қаралым

Ұрпаққа өнеге болар ғибратты ғұмыр кешіп келе жатқан Ұлы Отан соғысының ардагері, Ұйғыр ауданының Бахар ауылының тұрғыны Алим Кебиров биыл 103 жасқа қараған шағында Құрылтай сайлауында өз таңдауын жасады. Жасы ұлғайған ардагерге дауыс беру мүмкіндігі үйінде ұйымдастырылып, сайлау комиссиясының мүшелері арнайы барып, азаматтық құқығын жүзеге асыруына жағдай жасады.

Ғасырға жуық уақыттан астам елдің талай белесін көрген Алим ақсақал үшін бүгінгі күннің орны бөлек. Жастық шағы сұрапыл соғыс жылдарымен тұспа-тұс келген ардагер бейбіт өмірдің қадірін жақсы біледі. Сондықтан елдің ертеңіне қатысты әрбір саяси маңызды науқанды азаматтық жауапкершілікпен қабылдайтынын жеткізді.

«Менің өмір жолым ел тарихындағы талай қиындықпен тұспа-тұс келді. Соғысты да, одан кейінгі бейбіт еңбек жылдарын да көрдік. Бүгінгі ұрпақтың тыныштықта, алаңсыз өмір сүріп жатқанын көру – біз үшін үлкен бақыт. Еліміздің болашағы берекелі, жұртымыздың ынтымағы берік болсын деген ниетпен өз дауысымды бердім. Қандай заман болса да, елдің бірлігі мен тыныштығы бәрінен қымбат. Жастарымыз білімді болып, Отанын сүйіп өссе екен», – деді ардагер.

Алим Кебировтың өмір жолы – бір адамның тағдыры ғана емес, тұтас бір дәуірдің шежіресі. Ол кісі сынды аға буын өкілдерінің елдің маңызды саяси үдерістеріне атсалысуы – кейінгі ұрпаққа үлкен үлгі.

Құрылтай сайлауында өз таңдауын жасаған ардагердің ақ батасы да елдің ертеңіне деген ақ тілектен бастау алды. «Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын. Халықтың тұрмысы жақсарып, кейінгі ұрпақ бейбіт күннің қадірін білсін», – деген Алим ақсақал.

Бүгінгі сайлау – әр азаматтың өз таңдауын білдіретін маңызды күн. Ал ғасыр жасаған ардагердің үйден дауыс беруі – азаматтық белсенділіктің жасқа қарамайтынын, ел тағдырына деген жанашырлықтың уақытпен өлшенбейтінін аңғартқан тағылымды көрініс.

Анар Дүйсенбайқызы

Ұйғыр ауданы