Ұйғыр ауданының Сүмбе ауылдық округіндегі №898 сайлау учаскесінде тарихи Отанына оралған қандастар үшін мәні ерекше оқиға болды. Олар азаматтық құқықтарын пайдаланып, дауыс беруге қатысты.
Сүмбе ауылдық округіндегі қандастардың басын қосып, елмен етене еңбек етуге, бірлікте болуға ұйытқы болып жүрген Әлтай Әлмақын бұл сайлаудың маңызын түсінетінін, сондықтан да атамекенге келген барлық ағайын туысын жинап, сайлауға келгендерін айтып өтті. «Атамекенге оралғаныма 10 жылдан астам уақыт болды. Осы уақыт ішінде елімізде болып жатқан өзгерістерге мұқият зер салып отырамын. Президентіміздің бастамаларын да қолдаймын. Елімізде әр азаматтың құқығы тең. Күні кеше келсем де мені ешкім жатсынбады. Қайта бауырына басты. Бүгінде балаларымның бірі кәсіп иесі атанса, бірі қызмет атқаруда. Немерелерім де Қазақстанның жоғары оқу орындарында білім алуда. Өзім де жер алып, тіршілік етудемін. Жасым 70-тен асса да қарап жатар жайым жоқ. Міне, осының бәрі еліміздегі ашықтықтың, әділеттіліктің нәтижесі. Сол себепті бүгінгі сайлау да мен үшін және менің отандастарым үшін маңызды. Бір кездері атамекеннен жырақта өмір сүрген адам үшін «Атамекен» мен «Құрылтай» сөздерінің мәні айрықша. Бұл – жүрекке жақын, қасиетті ұғымдар», – деп ағынан жарылды Әлтай ағамыз.
Ұлттық құрылтай – мемлекеттің әр азаматтың үнін естуге ұмтылатынын көрсететін маңызды алаң. Қазақ даласында ықылым заманнан бері елдің бірлігін бекемдеу, ортақ мәселелерді талқылау үшін билер мен ақсақалдар кеңесі құрылған. Бүгінде сол тарихи дәстүр заманауи сипатта жалғасын тауып отыр.
Қазақстанның күші – бірлікте, ұлттық болмысты сақтауда және адал еңбекті қадірлеуде. Туған жеріне қайта оралған азаматтар ел болашағына жауапкершілікпен қарап, Отан игілігі жолында еңбек етуге дайын екенін білдірді.
№898 сайлау учаскесінде дауыс берушілерге барлық қажетті жағдай жасалып, сайлау комиссиясының мүшелері рәсім тәртібін түсіндіру бойынша тиісті көмек көрсетті. Қоғамдық-саяси өмірге белсенді араласу қандастар үшін Қазақстан қоғамына толыққанды кірігу жолындағы маңызды қадам болды.
Анар Дүйсенбайқызы
Ұйғыр ауданы