Перейти к содержимому
Басты бет / Барлық жаңалықтар / Өнерлі жұп өз таңдауын жасады

Өнерлі жұп өз таңдауын жасады

56 қаралым

Елімізде тұңғыш рет өтіп жатқан Құрылтай сайлауы барысында Қонаев қаласындағы Мәдениет үйінде орналасқан сайлау учаскесінде Қазақстанның еңбек сіңірген әртістері Қанат пен Айтгүл Құдайбергеновтер азаматтық таңдауын жасады.

Өнер әлемінде өзіндік қолтаңбасын қалыптастырып, шығармашылық дуэт ретінде елге кеңінен танылған әншілердің еліміздің қоғамдық-саяси өміріндегі маңызды оқиғаға қатысуын азаматтық жауапкершіліктің жарқын көрінісі десек, артық айтқандық емес.
Өнерде ғана емес, еліміздегі қоғамдық бастамаларға белсенді араласуымен де танылып келе жатқан олар бүгінгі саяси доданы мемлекет болашағына деген көзқарасын білдіретін маңызды сәт деп бағалайды. Құрылтайдың ел өміріндегі мәні де осында екенін атап өткен Құдайбергеновтер мәдениет пен руханияттың қоғам дамуындағы орнына да тоқталды.
Халықтың рухани дүниесіне қызмет етуді басты міндеті санайтындығын жеткізген өнерлі жұптың айтуынша, ел болашағы әр азаматтың бүгінгі жауапкершілігі мен ұстанымынан қалыптасады. Әр азамат өз таңдауына жауапкершілікпен қараса, қоғамның да болашағы берік болатынын тілге тиек ете келе, елге амандық, халыққа бірлік, ұрпаққа жарқын болашақ тіледі.

Айжарық Көптілеуов
Қонаев қаласы