Перейти к содержимому

75 жас – 75 шақырым!

25 қаралым

Жақында Шекара қызметі Мемлекеттік құпияларды қорғау басқармасы архив бөлімінің бастығы подполковник Абай Сапаров бізбен хабарласып, өзінің қуанышты жаңалығымен бөліскен еді. Әсіресе бізді елең еткізгені, офицердің бастамасымен, генерал Құсайын Берқалиев осыдан жарты ғасырға жуық уақыт бұрын басқарған «Шыңдалы» шекара бөлімшесінде 75 шақырымдық марафон өтетін болыпты… «Бәрекелді!» деп, Жетісу облысына аттанған марафоншылардың сапарына сәттілік тілеп қала бердік. Есесіне, Абай Төлегенұлы шекарадағы маңызды миссиясынан оралған соң бізге сұхбат беруге уәде етті.


14 тамыз күні таңғы сағат 4:30-да белгіленген шараға подполковник Абай Сапаровпен бірге ҰҚК Шекара қызметі Алматы облысы бойынша департаментіне қарасты Қарасай ауданы бойынша шекара басқармасының арнаулы мақсаттағы ұтқыр іс-қимылдар тобының әскери қызметшілері – аға сержант Тасқын Хамитжанов пен Бейімбет Тұрлыбеков қатысты. Ал шараны бастан-аяқ сурет пен бейнекамераға түсіру – мерзімді қызметтің қатардағы жауынгері Диас Тілеулеске жүктелген. Айту керек, сарбаз бұл міндеттің үдесінен шыға білді.
…Ультрамарафоншылар жүгіруді «Шыңдалы» шекара бөлімшесінің учаскесіндегі шағын ескерткіш белгіден бастауды ұйғарыпты. Мұның да өзіндік мәні бар еді. Өйткені дәл осы жерде екі алып тұлғаның – сол кездегі застава бастығы, аға лейтенант Құсайын Берқалиев пен Жоңғар тауының байырғы тұрғыны Талғатбек Әзімхановтың достығы басталған болатын. Сонау жетпісінші жылдары басталған осы достықтың ғибратты бір көрінісі ел аузында әлі күнге дейін айтылады. 1997 жылы Құсайын Иманғалиұлы Қазақстан Президентінің қолынан генерал-майор әскери атағын алған кезде, өзінің кителін досының иығына жауып, көпшіліктің алдында оны әзіл-шыны аралас «полковник» атаған екен. Бұл – атақтан да биік адамдық сыйластықтың, жылдар сынынан өткен достықтың белгісі еді.
Ескерткіш белгі басында подполковник Абай Сапаров Шекара қызметінің жеке құрамы атынан Құсайын Иманғалиұлын 75 жылдық мерейтойымен құттықтап, «75 жас – 75 шақырым» ультрамарафонын генералдың құрметіне арнайтынын жеткізді. Осылайша ел шебіндегі ұзақ қашықтыққа жүгіру басталды. Шекара қызметінің атынан түрлі марафондарға қатысып жүрген жеңіл атлеттер «Шыңдалы» шекара бөлімшесінің учаскесі арқылы «Жетісу», «Айдала» шекара бөлімшелерінің бақылау-із кесу жолақтарын басып өтіп, «Жалаңашкөл» шекара бөлімшесіне қарай бет алды. Аптап ыстықтағы жүгіру оңай болған жоқ. Сол сәтте сынап бағанасы 40 градусқа жуықтап тұрған еді. Алайда бұл да қайсар мінезді шекарашыларды алған бағытынан қайтара алмады.
Мемлекеттік шекара бойында өткен айтулы шараның бастамашысы Абай Төлегенұлы бізбен әңгімесінде бұл жүгірудің мәнін былай түсіндірді:
– Бүгінгі 75 шақырымдық ультрамарафон мен үшін жай ғана спорттық сынақ емес. Бұл – Шекара қызметінің ардагері, генерал-майор Құсайын Иманғалиұлына деген құрметіміздің белгісі. 75 шақырым – ардагеріміздің 75 жылдық мерейтойына арналған символдық қашықтық. Негізі, Мемлекеттік шекара бойымен жүгіруіміздің өз ерекшелігі бар. Өйткені шекара – елдің қауіпсіздігі мен тәуелсіздігінің айрықша белгісі. Осы қасиетті жерде жүгіріп, шекараны қорғаған азаматтарды еске алу бізге ерекше рух берді.
Жол бойында сан түрлі ой келді. Әсіресе Отанымыздың берік қорғаны болған шекарашылардың қызметі туралы көп ойландым. Күннің ыстығына да, суығына да, басқа да қиындықтарға қарамастан шекарада қызмет ету – үлкен жауапкершілік. Біз бүгін 75 шақырым жүгірсек, олар Отан тыныштығын сақтау жолында жылдар бойы қызмет етті. Алдымызда созылып жатқан әрбір шақырымды еңсеру қиын болды. Дене шаршайды. Бірақ ең бастысы – ойың мен рухың мықты болуы керек.
Марафоншыларды «Жалаңашкөл» шекара бөлімшесінің жеке құрамы Мемлекеттік туымызды желбіретіп, зор қошеметпен қарсы алған.
– Мәреге жеткен сәтті бір сөзбен айтып жеткізу өте қиын. Бір жағынан, үлкен физикалық сынақты еңсергенімізге қуандым. Екінші жағынан, бұл жүгірудің мәні біз үшін әлдеқайда жоғары болды. Біз бір адамның өмір жолына, еңбегіне және Отанға сіңірген қызметіне тағзым жасадық, – дейді марафонға қатысушы. Аталған шараны ұйымдастыруға қолдау көрсеткен Шекара қызметі Алматы және Жетісу облысы бойынша департаменттерінің басшылығына өз ризашылығымызды білдіреміз.
Иә, 15 тамызда 75 жасқа толған генерал-майор Құсайын Иманғалиұлын Шекара қызметінің аға буын ардагерлері бастаған шекарашылар төл мерекесімен құттықтады. Ал «75 жас – 75 шақырым» ультрамарафоны сол құрметтің өзгеше бір жалғасына айналды.

Тамара Дәулетбаева,
ҰҚК Шекара қызметі
Алматы облысы бойынша департаментінің баспасөз хатшысы