Перейти к содержимому
Басты бет / Барлық жаңалықтар / Адам құқығы мен бостандығы – Конституциядағы негізгі басымдық

Адам құқығы мен бостандығы – Конституциядағы негізгі басымдық

20 қаралым

Жаңадан қабылданған Ата Заңның мазмұны мен құндылықтары саналы азаматтарды бейжай қалдырмайтыны анық. Себебі бұл – мемлекетімізді жаңа кезеңге бастайтын аса маңызды құжат. Жаңа Конституция жобасында қоғам үшін ерекше маңызға ие бірқатар мәселе нақты көрінісін тауып, олардың құқықтық сипаты айқындала түсті.
Алдымен неке мәселесіне назар аударғымыз келеді. Конституцияда оған «Неке – ерікті және теңқұқықты одақ» деп баға берілген. Осы орайда жаңа Конституциядағы некеге қатысты норманың 3 маңызды тұсына тоқтала кетейін. Біріншіден, неке – ер мен әйелдің одағы. Яғни, өзге одақ неке ретінде танылмайды деген сөз. Біз жаһандану дәуірінде өмір сүріп жатырмыз. Ел азаматтары шет мемлекеттерге емін-еркін бара алады. Өзге елдердегі адамдардың өмірімен танысады. Ақпараттық кеңістік арқылы да түрлі мемлекеттің мәдениеті мен үрдісін көріп отырмыз. Кей мемлекеттердегі біржынысты қатынас одағы біздің қоғамымызға жат, сондықтан біз оларды неке ретінде танымаймыз.
Екіншіден, неке – ер мен әйелдің ерікті, әрі тең одағы. Яғни, осы екі тараптың ерікті және теңқұқықты негізінде ғана отбасы құрылады деген сөз. Бұл норма мәжбүрлі неке, қысым көрсету, кемсіту сияқты әрекеттерге жол берілмейтінін айқындайды. Сонымен қатар отбасы мүшелерінің құқығы мен жауапкершілігі де тең деген сөз. Бұл қағидат отбасы институтын әлсіретпей, заманауи құқықтық стандарттарға сай нығайтады.
Үшіншіден, неке – мемлекет заңға сәйкес тіркеген одақ. Яғни, ерлі-зайыптылардың құқығы мен міндеті тек уәкілетті органдарда ресми тіркелген сәттен бастап пайда болады және Конституция мен қолданыстағы заңнама аясында қорғалады. Ол – отбасы мүшелерінің, жұбайлардың және болашақ балалардың әлеуметтік әрі мүліктік құқығын қамтамасыз етудің негізгі кепілі.
Жаңа конституцияда неке институтына қатысты қамтылған нормалардың өзегі – осы. Одан бөлек, Ата Заң қоғамды алаңдатқан бірқатар мәселе қамтылды. Атап айтқанда, құжатта әйел затын кемсіту, олардың құқығын таптау, қыз алып қашу, қудалау (сталкинг) жасау тәрізді жағымсыз үрдістерге жол бермейтін құқықтық іргетас бар. Әдетте, Ата Заңда жалпы құқықтық қағидаттар белгіленеді. Ол Конституцияның 2-бөліміндегі баптарда толық қамтылған. Онда адамның ар-намысына, бостандығы мен жеке өміріне қол сұғылмайтыны бекітіледі. Ал салалық заңнамада «қыз алып қашу», қудалау сияқты әрекеттерге қатысты жауапкершілік көзделіп отыр. Жаңа Конституция мұндай құқықбұзушылықтарға мүлде төзбеушілік қағидатын нығайтып, заңдардың мүлткісіз орындалуына негіз болады. Қорыта келгенде, жаңа Конституция жобасы ең негізгі ерекшелігі – адам құқықтарына басымдық берілуінде. Адам құқығы мен бостандығы – Конституцияның маңызды басымдығы.


Құралай ДҮЙСЕБАЕВА,


Талғар аудандық «Жанұя» отбасын

қолдау орталығының директоры