Перейти к содержимому
Басты бет / Барлық жаңалықтар / Қонаевта ерлер арасында облыстың үздік волейболшылары анықталды

Қонаевта ерлер арасында облыстың үздік волейболшылары анықталды

43 қаралым

Қонаев қаласында ерлер арасында волейболдан Алматы облысының чемпионаты мәресіне жетті. Облыс біріншілігінің жүлделері үшін өңірдің аудандары мен қалаларынан келген сегіз команда бақ сынады.

Турнирдің алғашқы минуттарынан-ақ бәсекенің оңай болмайтыны байқалды. Қуатты доп соғулар, жылдам шабуылдау, тосқауылдар мен допқа қарай ұмтылулар арқылы командалар өздерінің жігері мен шеберлігін көрсетіп, соңғы допқа дейін тартысты ойын өрнегін көрсетті. Дайындық деңгейлері бірдей болған тұстарда көптеген ойын сәттерінің тағдырын дәлдік, жылдам шоғырлану және командалық үйлесімділік шешті.

Чемпионатқа 18 жастан асқан спортшылар қатысты. Облыс чемпионы атағын сарапқа салумен қатар, турнир Алматы облысының ерлер құрамасын жасақтаудың маңызды кезеңіне айналды. Жаттықтырушылар штабы ойыншылардың шеберлігін жоғары бәсеке жағдайында бағалап, алдағы дайындық пен республикалық деңгейдегі жарыстарға қатысу үшін облыс құрамасын күшейте алатын ең мықты волейболшыларды анықтауға мүмкіндік алды.

Жарыстың бас төрешісі Қанат Ауғанбаевтың айтуынша, турнир басталмай тұрып фаворитті анықтау мүмкін болмаған.

«Чемпионат жақсы спорттық атмосферада өтті. Командалар өздерінің дайындық деңгейінің жоғары екенін көрсетті, көптеген кездесулер тартысты жағдайда өрбіді. Командалардың күш деңгейі шамалас болды, сондықтан әрқайсысы алаңға тек жеңіске деген мақсатпен шықты. Біз үшін бастысы — ең мықты команданы анықтау ғана емес, сонымен қатар облыс құрамасын күшейте алатын ойыншыларды көру болды. Мұндай турнирлер спортшыларға қажетті ойын тәжірибесін жинақтауға мүмкіндік береді және жаттықтырушылар штабына олардың мүмкіндіктерін объективті бағалауға жол ашады», — деді Қанат Ауғанбаев.

Қатысушылар үшін чемпионат физикалық және тактикалық тұрғыдан дайындығын сынайтын маңызды дода болды. Жамбыл ауданынан сынға түскен спортшылардың бірі — Шерзат Асанов. Ол волейболмен мектеп кезінен айналысып келеді және командалық спортты өмірінің ажырамас бөлігі деп санайды.

«Мен волейболмен мектеп қабырғасынан бері айналысамын. Бұл спорт түрі дене дайындығын қалыптастыруға, дамуға және әрдайым сергек жүруге көмектеседі. Чемпионаттағы әрбір матч барынша жоғары дайындықты талап етті. Қарсыластардың деңгейі шамалас болған кезде бір сәтке де босаңсуға болмайды. Біздің команда үшін бұл турнир облысымызда «Алатау лига» жобасы аясында өтіп жатқан жарыстардың екінші кезеңіне жақсы дайындық болды. Бірінші кезеңнің қорытындысы бойынша үздік командалардың қатарына кірдік. Сондықтан қазір келесі кезеңге тыңғылықты дайындалып жатырмыз. Ендігі мақсатымыз жеңіске жетіп, осы жобаның финалына жолдама алу», — деді Шерзат Асанов.

Чемпионат қорытындысы бойынша жүлделі орын иелеріне тоқталар болсақ, І орынды Қарасай ауданының спортшылары жеңіп алса, ІІ орын Еңбекшіқазақ ауданына, ал ІІІ орын Балқаш ауданының командасына бұйырды.