Қарапайым ғана шағын отбасылық кәсіп кәдімгі өндіріске айналып, халыққа пайда әкелуі мүмкін деген жақсы ниетпен өз фирмасын құрған ерлі-зайыпты Дәулетқали Оңалбай мен Сайыпжамал Өтеп оны «Ырыс» деп атады. Өйткені дәстүрлі қазақ дүниетанымында бұл сөз молшылықты, береке мен бақытты, жақсылықты білдіретін қасиетті ұғым екенін олар жақсы білетін.
Мамандығы мұғалім, ұзақ жыл ұстаздық қызмет атқарған Сайыпжамал Нұрғазықызының ойына бір күні сүт бағытындағы өз кәсібін ашу идеясы келді. «Келісіп пішілген тон келте болмайтыны» сияқты, жұбайымен ақылдасқанда, ол Құдай қосқан қосағының бұл бастамасын бірден қолдады. Бірақ шынын айтсақ, жаңа істі бастау оңайға соққан жоқ!
Дәулетқали Оңалбай ұзақ жыл мемлекеттік қызметте адал еңбек еткен. Математика пәнінің мұғалімі ретінде Талдықорған педагогикалық институтында студенттерге сабақ беріп, талай білікті маман даярлауға да лайықты үлес қосқан. Қор басқарып, қоғамдық жұмыспен де айналысқан. Ерлі-зайыптылардың естеліктеріне қарағанда, кәсіпкерлікті 5 сиыр сатып алудан бастайды. Бұл 2015 жылы Ескелді ауданындағы Қаратал ауылында болған еді. Сол кезде ерлі-зайыптылар ыдыс-аяқ, мал қыстайтын жем-шөп сатып алады, бірақ бұл жерде жайылым жоқ екені ескерілмейді. Соның салдарынан 5 сиырмен Ұйғыр ауданына көшіп келеді. Одан бір жыл өткенде Талғар ауданына, балаларының үйіне келіп орналасады. Олардың айтуынша, дәл осы құтты мекен, берекелі өңірге келген соң ғана кәсіптері жолға түсіп, дами бастайды. Жазғы асханаға арналған кішкентай бөлмеге ірімшік шығаратын құрылғы, сепаратор, май жуғыш, кептіргіш, үш тоңазытқыш, миксер, қамыр өлшегіш және сүт өнімдерін өндіруге арналған басқа да тиісті жабдықтарды сатып алып, ретімен орналастырады. Олардың көзқарасы тұрғысынан, осындай едәуір күрделі өндірісті бастамас бұрын, Сайыпжамалдың жұбайына Санкт-Петербург ғалымы Сыровердің онлайн курстарын зерттеуге тура келеді. Сөйтіп, ол қажырлы еңбегінің арқасында сүт өнімдерін – ірімшік, кілегей, қатық, қаймақ, құрт, айран дайындау технологиясын егжей-тегжейлі зерттеп, меңгереді. Қазір түрлі сүт өнімдерінің ассортименті шын мәнінде көрген көзді қуантады. Оның үстіне бұл өнімдердің барлығы олардың өзі өндіретін табиғи және қаймағы алынбаған сүтінен жасалады. Оны көрші, Бесағаш ауылдық округіндегі «Қисықбаев» шаруа қожалығының иелері күн сайын 100-120 литр көлемінде сатып алады. Ал өнімдерді құюға арналған ыдысты «Ахмеров» ЖК, «Аурум» ЖК сияқты жеке фирмалар арқылы сатып алады.
Кәсіп иелерінің түсіндіруінше, дайын өнімді алмас бұрын, технологияны қатаң ұстануға тырысады, тіпті «йодталмаған тұз» (йод пайдалы микроорганизмдерді жойып жібереді), сондай-ақ 90% қайнатылған кейбір ингредиенттерді пайдаланады. Құрт та қаймағы алынбаған сүттен қолдан дайындалады, бұл іспен екі жұмысшы әйел айналысады. Осы мақсатта ерлі-зайыптылар ұлттық нақыштағы киіз үй сатып алған, дәл осы жерде ерекше ұлттық тағам саналатын құрт жасалады. Айтпақшы, ұлттық сүт өнімі ретінде құрт шетелде үлкен сұранысқа ие. Оны сатушы фирмалар АҚШ, Ресей, Германия, Түркия, Канада сияқты елдерге экспорттайды. Әрбір өнімде сапа сертификаты бар, санитарлық ережелер мен норма талаптары қатаң сақталған.
Қазіргі уақытта халықтың ұлттық тағамдарға деген сұранысы жоғары және өткізу жақсы жолға қойылған. Әлеуметтік желі ретінде көп қаралатын «Инстаграм» парағы бар кәсіп иелері Алматы және Астана сияқты ірі қалалардағы тапсырыс берушілері көп, өзіндік жоғары әлеуеті бар дүкендермен келісімшарттар жасасқан. Осыған орай, ерлі-зайыптылар «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлік палатасына қажетті сәтте бизнесті ұйымдастыру және оны дамытуға септескені үшін алғыстарын білдірді. Кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасына сәйкес, жабдықтарды сатып алу үшін оларға жылдық 6%-бен 5 млн теңге көлемінде грант бөлінген. Бұдан басқа, қожайындар қомақты өз қаражаттарын да салған. Енді олардың алдында жеке кәсіпті кеңейтіп, оны кәдімгі өндіріске айналдыру міндеті тұр. Келешекте қолмен жасалатын жұмыстар заманауи жабдықтарда автоматты түрде жүзеге асырылуы тиіс.
Тұздыбастау ауылының тұрғындары болашақта ауқымды жобаларды іске асырсақ деген жақсы ниет, нақты жоспармен өмір сүруде. Олардың тағы бір ізгі ойы – аталған өндірістік жоспарлармен қатар, отбасылық кәсіптің сабақтастығын сақтап, эстафетаны жастарға беру. Қазірдің өзінде отанасы Сайыпжамал сүйікті келіні Саидаға сүт өндіру ісінің бүге-шігесін, ұлттық сүт өнімдерін өндіру технологиясының ерекшеліктерін жалықпай үйретуде. Ал өмірге деген құштарлығы, күш-қуаты мол жас келіншек оның барлығын толық меңгеріп кететіні анық көрініп тұр.
Фирманың атауы және тиiсiнше олар өндiретiн өнiмнің «Ырыс» деп аталуы отбасылық кәсіптің аяққа тұрып, нәсіптің молаюына ұнамды әсер еткен тағдыршешті шешім болғаны даусыз. Ең бастысы, олардың сүт өнімдерін өндіретін шағын кәсібіміз болса екен деген алғашқы арманы жүзеге асты. Ал өмірде адамның арманы бітпейді, ол келесі басқышқа, кезекті жетістікке жетелейтін тылсым күш іспетті. Лайым, осындай еңбексүйгіш, арманшыл адамдар көп болғай! Бәрі де белестен белес асып, өз мүддесі, ел мүддесі жолында арман шыңына шыға бергей!
Құтмағамбет ҚОНЫСБАЙ
Талғар ауданы