Перейти к содержимому
Басты бет / Барлық жаңалықтар / «Таза Қазақстан»: Алатауда жасыл желектер күтіп-бапталып, аумақтар тазартылуда

«Таза Қазақстан»: Алатауда жасыл желектер күтіп-бапталып, аумақтар тазартылуда

45 қаралым

Алатау қаласында қоршаған ортаның тазалығын сақтау, абаттандыру жұмыстарын жүйелі түрде жүргізу және тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыру бағытындағы жұмыстар тұрақты жалғасуда. Аталған жұмыстар «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында ұйымдастырылып, қала аумағында тұрақты сенбіліктер өткізілуде.

Қаланың санитарлық тазалығын қамтамасыз ету мақсатында коммуналдық қызметтер мен жауапты мекемелердің қатысуымен бірқатар жұмыстар атқарылуда. Атап айтқанда, көшелер мен қоғамдық орындар қоқыстан тазартылып, жол жиектерін ретке келтіру, арамшөптерді отау, аумақтарды жинау және абаттандыру жұмыстары жүргізілуде.

Сонымен қатар, қала аумағындағы жасыл желектерге ерекше көңіл бөлінуде. Ағаштар әктеліп, гүлзарлар мен көгалдар күтіп-бапталуда, жасыл желектер суғарылып, олардың жайқалып өсуіне қажетті жағдай жасалуда. Көшелердің көркін арттыру мақсатында санитарлық тазалықпен қатар, абаттандыру шаралары да кешенді түрде жүзеге асырылуда.

 «Таза Қазақстан» акциясы аясындағы жұмыстардың бір реттік шарамен шектелмей, қаламызда тұрақты түрде тазалық сенбілік шаралары өтуде. Қала аумағын таза әрі көрікті ұстау – баршамызға ортақ міндет. Осы бағытта талдарды әктеу, жасыл желектерді суғару, көшелер мен аумақтарды қоқыстан тазарту, жол жиектерін ретке келтіру және басқа да абаттандыру жұмыстары жүйелі түрде атқарылуда. Тазалықты сақтау тек сенбілік кезінде ғана емес, күнделікті өміріміздің ажырамас бөлігіне айналуы қажет»,– деді Гүлбану Сейткенқызы Несіпбаева.

Тазалық жұмыстарына жауапты мамандармен қатар тұрғындар мен қоғамдық ұйымдардың да атсалысуы маңызды. Себебі қоршаған ортаның тазалығы – қаланың көркі ғана емес, тұрғындардың өмір сүру сапасына тікелей әсер ететін фактор.

«Таза Қазақстан» акциясының негізгі мақсаты – елді мекендердің санитарлық жағдайын жақсарту, қоршаған ортаны қорғау және тұрғындардың экологиялық мәдениетін қалыптастыру. Осы бағыттағы жұмыстар Алатау қаласында алдағы уақытта да тұрақты түрде жалғасын табады.

Тазалықты сақтау – ортақ жауапкершілік. Әрбір тұрғын өз ауласы мен көшесінің тазалығына үлес қосса, қаланың көркейіп, жасыл әрі таза мекенге айналуына зор мүмкіндік бар.

Риза САНАҚҚЫЗЫ,

қоғамдық кеңес төрағасы

Алатау қаласы