Перейти к содержимому

«ТАЗА ТАБИҒАТ – ТАЗА БОЛАШАҚ»

42 қаралым

Еңбекшіқазақ ауданы Қазақстан ауылының орталық саябағында «Таза табиғат – таза болашақ» атты экологиялық-тазалық акциясы өтті. Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен өткен тазалық жұмыстарына «Жасыл ел» еңбек жасақтарының жастары, аудан жастары, ауыл тұрғындары мен қоғам белсенділері қатысып, қоршаған ортаға қамқорлықтың жарқын үлгісін көрсетті.

Жастар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыру, қоғамның қоршаған ортаны таза ұстауға деген жауапкершілігін арттыру, халықты туған өлкені абаттандыруға және тазалықты сақтауға белсенді атсалысуға шақыруды мақсат еткен акцияға қатысушылар жоғары белсенділік көрсетті.

Саябақта жиналған акция қатысушыларына алғысын білдірген Қазақстан ауылдық округі әкімінің орынбасары Шәрбан Керімбай жастардың жұмысына сәттілік тіледі. Сондай-ақ Алматы облысы жастар ресурстық орталығы директорының міндетін атқарушы Еркебұлан Жақан мен Еңбекшіқазақ аудандық Жастар ресурстық орталығының басшысы Айжан Әбіт өңірде республикалық «Таза Қазақстан» экологиялық бастамасы аясында жасалып жатқан жұмыстар, ондағы жастардың үлкен үлесі туралы айтып, қоршаған ортаны қорғау, экологиялық мәдениетті насихаттауға белсенді араласып және оның үздік үлгісін көрсетіп жүрген жастарға алғыс айтты. Ал Қазақстан ауылдық округі ақсақалдар алқасының төрағасы Алпысбай Ақылбеков игі істерге мұрындық болған жастарға ақ батасын беріп, тазалық жұмыстарына өзі де атсалысты.

Саябақ – күл-қоқыс тастайтын жер емес, әдемі гүлдеріне көз сүйсіндіріп, жайқалған ағаштарын сая қылып, халық демалатын орын. Іс-шара барысында орталық саябақ аумағы тұрмыстық қалдықтардан, қураған шөп, қурайдан тазаланды. Қоқыс сыртқа шығарылып, абаттандыру жұмыстары жүргізілді. Тазалық жұмыстарынан кейін жаңа кейіпке енген орталық саябақта акцияға қатысушыларға арнайы фуршет ұйымдастырылды. Туған жердің тазалығы, айналаның әсемдігі үшін қолынан келгенінше қолғабыс көрсеткен жастарға алғыс айтылды.

Өзара пікір алмасып, уақытын пайдалы, әрі тиімді өткізген жастар «Табиғатты қорғау мен қоршаған ортаны таза ұстау – бір күндік акциямен шектелмей, алдағы уақытта әр азаматтың күнделікті өмір салтына айналуы тиіс» деген пікірін білдірді.

«Таза табиғат – таза болашақ» акциясы жастардың экологиялық жауапкершілігін арттырып қана қоймай, туған жерге деген сүйіспеншілігін, еңбекке деген құрметін және қоғамдық іске белсенді араласу мәдениетін қалыптастыруға ықпал етері сөзсіз. Табиғатты аялау, елді мекендерді таза ұстау және қоршаған ортаға жанашырлықпен қарау бағытындағы мұндай жұмыстар жалғаса бермек.

Құралай МҰРАТҚЫЗЫ

Еңбекшіқазақ ауданы