Перейти к содержимому
Басты бет / Барлық жаңалықтар / «Таза Қазақстан» – таза қала, ортақ жауапкершілік

«Таза Қазақстан» – таза қала, ортақ жауапкершілік

23 қаралым

Алатау қаласында қоршаған ортаның тазалығын сақтау және тұрғындардың экологиялық мәдениетін арттыру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда. «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық бағдарламасы аясында қала аумағында санитарлық тазалық пен абаттандыруға бағытталған іс-шаралар ұйымдастырылып, тұрғындар мен қоғамдық ұйымдардың белсенді қатысуы қамтамасыз етілуде. Сенбіліктің басты мақсаты – қаланың көркін сақтау ғана емес, қоршаған ортаға деген жауапкершілікті әр азаматтың күнделікті өмір салтына айналдыру. Осыған орай көшелер, аулалар, қоғамдық орындар мен ортақ пайдаланылатын аумақтар тазартылып, тұрмыстық қалдықтарды ретке келтіру, аумақтарды абаттандыру және тазалық талаптарын сақтау бойынша жұмыстар жүргізілуде. Алатау қаласы қоғамдық кеңесінің төрағасы Риза Санаққызы: «Таза қала – бір күндік науқанның нәтижесі емес, бұл – тұрғындардың ортақ жауапкершілігі мен күнделікті мәдениетінің көрінісі. «Таза Қазақстан» акциясы арқылы біз тек айналамызды тазалап қана қоймай, табиғатты аялау, қоғамдық орындарды таза ұстау және туған жерге жанашырлықпен қарау құндылықтарын қалыптастырып келеміз. Алатау қаласының тазалығы мен көркеюі – әрқайсымыздың ортақ ісіміз. Өзімізден бастап, өзгеге үлгі болсақ, таза әрі жайлы қаланы бірге қалыптастыра аламыз»,– деді.

Тазалық – қоршаған ортаға деген құрметтің белгісі. Сондықтан әрбір тұрғын өз ауласы мен көшесінің тазалығына жауапкершілікпен қарап, табиғатты қорғауға және қаланы абаттандыруға үлес қоса алады.

«Таза Қазақстан» – тазалықты ғана емес, жауапкершілікті, бірлікті және туған жерге деген жанашырлықты дәріптейтін маңызды бастама. Алатау қаласының таза әрі көрікті болуы – баршамыздың ортақ мақсатымыз.

Роза ҮМБЕТОВА