Перейти к содержимому
Басты бет / Барлық жаңалықтар / ТАЗА ҚАЗАҚСТАН – ОРТАҚ ЖАУАПКЕРШІЛІК

ТАЗА ҚАЗАҚСТАН – ОРТАҚ ЖАУАПКЕРШІЛІК

43 қаралым

«Таза Қазақстан» бағдарламасы – қоршаған ортаны қорғауға, елді мекендердің тазалығы мен көркеюіне бағытталған ауқымды қоғамдық идея. Оның мәні бір реттік сенбілікпен немесе маусымдық тазалық жұмыстарымен шектелмейді. Бұл – әр азаматтың туған жеріне деген жауапкершілігін арттыруға, тазалық пен ұқыптылықты күнделікті өмір салтына айналдыруға үндейтін маңызды бағыт. Мемлекет басшысы еліміздің елді мекендерін абаттандыру мен көгалдандыру мәселесіне тұрақты түрде назар аударып келеді. Президент көрсеткен осы үлгі барша азаматты өз ауласына, өз көшесіне, өзі тұратын елді мекенге жанашырлықпен қарауға шақырады.

Алатау қаласы – қарқынды дамып келе жатқан жас қала. Сондықтан бүгін атқарылып жатқан әрбір іс оның ертеңгі келбетін айқындайды. Жолдар мен әлеуметтік нысандардың салынуы, инженерлік инфрақұрылымның дамуы қаншалықты маңызды болса, қаланы көгалдандыру, жасыл желекті көбейту де соншалықты өзекті. Көгалдандыру ісі тек мемлекеттік органдардың немесе коммуналдық мекемелердің міндеті ретінде қарастырылмауы тиіс. Әр тұрғын өз үйінің іргелес аумағына, өз ауласына және көшесіне қамқорлықпен қараса, бұл жалпы қаланың көркіне тікелей әсер етеді. Жеке тұрғын үйлер орналасқан аумақтарда мұндай мүмкіндік одан да жоғары. Әр отбасы өз үйінің алдына ағаш, бұта немесе гүл отырғызып, оларды күтіп-баптауды тұрақты әдетке айналдырса, бірнеше жылдың ішінде тұтас көшелердің келбеті өзгереді. Бұл ретте басты мақсат – тек ағаш отырғызу емес, оның өсіп-жетілуіне жағдай жасау. Отырғызылған көшетті уақытылы суару, қоршау, күтіп ұстау – көгалдандыру жұмысының негізгі бөлігі. Көшетті отырғызу бастама болса, оны сақтап қалу – жауапкершілік. Кәсіпкерлік нысандар, мекемелер мен ұйымдар да өз аумақтарының тазалығы мен абаттандырылуына ерекше мән бергені жөн. Нысанның айналасындағы жасыл желек пен ұқыптылық – тек сыртқы көрініс емес, сол мекеменің қоғамдық мәдениеті мен жауапкершілігінің көрсеткіші. Бүгінде қоғамда «бұл – біреудің міндеті» деген көзқарастан арылып, «бұл – менің қалам, менің аулам, менің жауапкершілігім» деген ұстанымды орнықтыру маңызды. Қала тазалығы мен көркеюі тек әкімдік атқаратын жұмыс емес. Оның нәтижесі билік пен қоғамның бірлескен әрекетіне байланысты. Тазалық мәдениеті ең алдымен отбасынан басталады. Үлкендердің ағаш отырғызып, аулаға қамқорлық жасап, табиғатты аялағанын көрген бала да осы құндылықтарды бойына сіңіреді. Осылайша «Таза Қазақстан» тек экологиялық бастама емес, жас ұрпаққа берілетін тәрбие үлгісіне айналады. Алатау қаласының әрбір тұрғыны бүгіннен бастап қарапайым, бірақ маңызды қадам жасай алады: үйінің маңын таза ұстау, бір түп ағаш отырғызу, бар жасыл желекті күтіп-баптау, балаларды осы іске тарту және көршілерге жақсы үлгі көрсету. Үлкен өзгеріс әрқашан шағын істен басталады. Бір аула тазаланса – бір көше көркейеді. Бір көше көркейсе – тұтас ықшам ауданның келбеті өзгереді. Ал осындай ортақ еңбектің нәтижесінде қала да өзгереді.

«Таза Қазақстан» – бір күндік акция емес. Бұл – күнделікті мәдениет, азаматтық жауапкершілік және туған жерге деген құрмет. Таза әрі жасыл Алатау – бәрімізге ортақ міндет.

Қанатбай МАМЫРБЕКОВ, «Ардагерлер ұйымының» мүшесі