Перейти к содержимому

Қоршаған ортаның қамқоршысы

28 қаралым

Елімізде соңғы уақытта тазалыққа аса мән беріліп, көпшіліктің қатысуымен қоршаған ортаны қорғау басты назарға алынған. Оған әсер еткен факторлардың бірі – «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық бағдарламасы.

Дәл осылай айтуға толық негіз бар. Өйткені ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бастамашыл болған мұндай ұлттық шара қолға алынғалы, расымен, апта сайынғы сенбіліктердің легі үзілмей, ұжымдық тазалық жұмыстардың қатары артты.

Мұндай игі бастаманың аясында жергілікті халықтың жаппай қолдауы, әрине, көзге көрінері анық. Десе де айналаға аяушылық танытып, қоршаған ортаның қорғанына айналған азаматтар бұрыннан бар екенін ұмытпаған жөн. Табиғат жанашыры атанған Ержан Жапаров – осындай үлгі тұтар жандардың бірі.

Шамалған ауылының тұрғыны үшін «қоршаған ортаны ластамау», «тазалықты сақтау», «табиғатты аялау» сияқты атаулар таңсық дүние емес. Себебі экологиялық мәдениеттілікті жанына серік еткеніне біраз жыл болды. Жақында ағамызды «Таза Қазақстан» акциясы аясында аудан көлемінде өтіп жатқан сенбіліктердің бірінде кездестіріп қалдық. Әдеттегідей, өз еркімен қолына қабын алып, көпшіліктің ортасында жүргені байқалды. Ауылдастарының айтуынша, Ержан Тұрысбайұлының бұл әрекеті тек сенбілікте ғана емес, өзінің күн сайынғы үйреншікті ісіне айналған. Ағамызды әңгімеге тартып, ол жайлы кеңінен ақпарат алуға тырысып, мұндай ерікті жұмысына қызығушылық таныттық.

Ержан Жапаров Нарынқол ауданына қарасты Сүмбе ауылында 1963 жылы дүниеге келген. Кіндік қаны осы елді мекен болғанымен, балалық шағынан бастап бүгінгі күнге дейін өмір салты қасиетті Қарасай жерімен біте қайнасқан.

Әкесі Тұрысбай Жапаров пен анасы Күміс Искакова өмірде қарапайым, шаруа адамдары болған. Екеуі екі қыздан кейін үйдің кенжесі атанған Ержан аға дүниеге келген соң, көп уақыт өтпей Алматы облысы Қарасай ауданының Шамалған ауылына көшіп келді.

Ал Ержан Тұрысбайұлы 1971 жылы Шамалған ауылындағы Фурманов орта мектебінің (қазіргі Қарасай батыр атындағы) табалдырығын аттап, оны 1981 жылы аяқтаған. Одан кейін бірден Шамалғандағы Алматы гидромелиоративтік техникумның студенті атанды. Мұнда бір жыл шамасында білім алғаннан кейін 1982 жылы Германияға әскерге аттанды. Өзге елде екі жыл Отан алдындағы борышын өтеп, 1984 жылы елге оралып, техникумдағы оқуын жалғастырды. Оқу ордасындағы білім алуы жоғары бағаға лайық болып, 1986 жылы техникумды «гидромелиорация» мамандығы бойынша аяқтады.

Қолына қызыл дипломын алғаннан кейін Ержан ағаның ойында техникумда игерген мамандығын жетілдіру мақсаты тұрды. Осы бағытынан таймай, бірден Белоруссияның ауылшаруашылық академиясына оқуға тапсырып, бес жыл білім алды. Оның алғашқы үш жылын сол елде болса, соңғы екі жылын сырттай оқып, академияны сәтті тәмамдады.

Ержан Тұрысбайұлының қызмет еткен кезеңіне тоқталар болсақ, ол 1989 жылы алғашы еңбек жолын Қаскелең ауданындағы суландыру жүйесі басқармасында инженер ретінде бастап, кейінгі жылдары бөлім басшысы қызметін де атқарған. Сонымен қатар бұл саладан біраз қол үзіп, жеке кәсіпкерлікке бет бұрып, нан пісірумен айналысқан. Кейбір жылдары базарға шығып, сауда-саттықты қолға алып, бұл кәсіппен де шұғылданып көрді. Ал 1999 жылы жапондық компанияда менеджер ретінде жұмыс істеді.

Әр салада тәжірибе жинақтағаннан кейін Ержан Тұрысбайұлының қызметтік жолы сауда саласында жалғасты. 2007 жылдан бүгінгі күнге дейін жекеменшік сауда орнында жауапты қызметті атқарып келеді.

Ержан ағаның күнделікті тұрақты жұмысы болғанымен, жоғарыда атап өткендей, ерікті әрі қоғам белсендісі ретінде істеп жатқан шаруаларына тамсана қарайсың. Ауылдастардың арасында талай іске себепші болып, Шамалғандағы қоғамдық кеңестің ісін жетекшілік етеді. Елдің тілегін жергілікті атқарушы органға жеткізіп, ортақ мәселені бірлесе шешуге келгенде ақыл-кеңесін аяған емес.

Уақыттың тапшылығы қатты білінетін қазіргі заманда Ержан Тұрысбайұлындай болу әркімнің қолынан келе бермейтіні анық. Әсіресе, тазалыққа аса мән беріп, өзгенің қоқысын жинау нағыз жанашырлықтың белгісі.

Көбінесе Ержан аға Үшқоңыр тауының етегінде көп серуендейді. Осы жаққа қарай жиі бет алғанда жолдың бойындағы керексіз қалдықтарды ерінбей, еңкейіп тұрып жинауды әдетіне айналдырған. Мұндай ісіне ол ешқашан арланған емес. Ал бұл әрекетінің себебін сұрағанымызда оны қоғамдық орынға деген жанашырлық деп түсіндірді.

– Тазалықты сақтау мен айналаны таза ұстау әрбірімізге тән қасиет деп ойлаймын. Ол біздің қанымызда бар нәрсе ғой. Сондықтан бұл ісімді аса бір мақтанарлық деп есептемеймін.

Көбінесе Үшқоңыр тауына қарай бет алғанда жол бойында керексіз қалдықтардың шашылып жатқанын жиі байқаймын. Ал мұндай  көрікті жерге шетелдік қонақтар, туристер көп келетіндіктен, солардан ұяламын. Осындай керемет жердің лас болып жатқанын көрмесе екен деп, шамам келгенше қапқа теріп, тиісті орынға қойып кетемін. Бірақ осындай мәдениетсіздік көріністі тудыратын сол өзіміздің жерлестеріміз ғой. Меніңше, тазалықты үйдегі тәрбиеден бастаған жөн. Қоғамдық орынға әрбіріміз жанашырлық танытуымыз керек, – деп шамалғандық белсенді пікірімен бөлісті.

 Ал Ержан Тұрысбайұлының бұл өнегелік ісінен өзгелер де үлгі алатын көрінеді. Айтуынша, тау бөктеріндегі ерікті ісіне жастар да қосылып, табиғат аяушысына айналған.

– Тау шатқалының маңайындағы қоқысты теруге кейінгі кездері жастар да маған көмектесетін болды. Менімен бірге қосылып, табиғатты аялауға үлестерін қосып жүр. Оған өте қуанамын. Үлгі болу деген осы шығар. Сондықтан өзгерісті өзімізден бастау керек деп ойлаймын, – деді Ержан Жапаров.

Расымен, алпысты алқымдаған азаматтың ерікті ісін нағыз өнеге, бәлкім, ерлік деп айтсақ артық болмас. Тіпті, ауылдастары да Ержан аға жайлы жақсы пікір білдіріп, көпке үлгі болып жүргенін айтуда. Шамалған ауылдық округінің әкімі Нұрсұлтан Жолдасбековтің сөзіне сүйенсек, Ержан Тұрысбайұлы «Таза Қазақстан» акциясы аясындағы сенбілікке үнемі қолдау білдіріп, игі іске үнемі атсалысып келеді. Одан бөлек елді мекеннің дамуына қатысты ойларымен бөлісіп, тұрғындардың талап-тілегін, ұсынысын жеткізіп, әкімдікпен бірлесе белсенді жұмыс атқарады.

Ал ауыл тұрғыны, ерікті Анар Омарованың айтуынша, Ержан аға сияқты егде жастағы азаматтар қазір қоғамда сирек кездеседі.

– Ол кісі үнемі таңмен таласа спортпен шұғылданып қана қоймай, тазалыққа атсалысуын әдетке айналдырған. Сонымен қатар ауылдың мәселесін көтеріп, оның шешімін табуға көп үлес қосып келеді. Ержан ағаның жасында мұндай белсенді болу екінің бірінің қолынан келе бермейді. Сондықтан кейінгі жастар одан үлгі алуы керек деп ойлаймын, – деді ауыл белсендісі А.Омарова.

Айтпақшы, Ержан Тұрысбайұлының тазалықты жаны сүйетіні соншалық, соңғы кездері ауылының айналасын бейберекет ластағандарды заң аясында жазалауды да қолға алған. Мәселен, қоқысты орынсыз жерге тастағандарды байқаса, бірден телефонының бейнекамерасына түсіріп, оны учаскелік полиция қызметкеріне жібереді. Осылайша қоғамдық тәртіп орнатуды да қолға алып жүр.

«Бәрін айт та, бірін айт» демекші, Ержан Жапаровтың қайырымды істен шет қалмайтын азаматтығына да айрықша тоқталуға болады. Шамалған ауылдық қоғамдық кеңестің төрағасы ретінде елді мекендегі тұрғындардың әлеуметтік жағдайынан үнемі хабардар болып, көмек қолын созуды ұмытқан емес. Тұрмысы төмен отбасыларды назарына алып, жомарт жандардың қолдауы арқылы талай жанға көп көмегін көрсетуде. Сонымен қатар ауыл ішінде төтеншелік жағдаймен сынаққа ұшырағандардың жағдайын ескеріп, тұрғындар арасынан жылу жинауға қолғабыс етеді.

Ержан Тұрысбайұлы – осындай ізгілік істерімен ауылдастарының арасында сый-құрметке ие болса, отбасының ортасында ұрпағымен қымбатты жанның бірі. Өмірлік жары Райхан Кеңесқызы екеуі үш перзентін бағып-қағып, үлкен өмірге қанаттандырды.

Бүгінгі таңда Дәрмен және Дәурен есімді ұлдары бір-бір шаңырақ иесі атанса, үйдің кенжесі Аяжан өз ұясынан құтты орынға қанат қаққан. Әсел, Жібек есімді сүйікті келіндері мен Әділдей күйе баласы әулеттердің арасын туыстыққа жалғап, ата-аналарды «құда-құдағи» дейтін құрметті дәрежеге жеткізіп отыр. Одан бөлек Ержан ағамыз бен Райхан әпкеміз осы балалардың қызығын көріп, 11 немереге ардақты ата-әже атанып отырған жайы бар.

Әрбір елеулі еңбектің, қоғам алдындағы нәтижелі жұмыстың ерте ме, кеш пе лайықты бағасы болатыны анық қой. Әсіресе, ақысыз-пұлсыз жұрт алдындағы жақсылығы ескерілуі заңдылық деп білеміз. Осы ретте Ержан ағаның облыс және аудан басшылығы тарапынан белсенді ісі назарға алынып, бірнеше марапаттың иесі атанғанын айтсақ болады. Әлі де құрмет төрінен көрінеді деген сенімдеміз.

Дидар МӘЛІКҰЛЫ,

Қарасай ауданы