Перейти к содержимому
Басты бет / Барлық жаңалықтар / Қапшағай айдынына мыңдаған шабақ жіберілді

Қапшағай айдынына мыңдаған шабақ жіберілді

42 қаралым

«Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық бағдарламасы аясында облыс аумағында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Солардың бірі –  өзенді балыққа толтыру акциясы. Аталған акция барысында Қапшағай су қоймасына бірқатар бағалы балық түрінің шабақтары жіберілді. Іс-шараны ұйымдастырудағы басты  мақсат – су айдындарының балық қорын молайту және табиғи экожүйені сақтауға үлес қосу.

Табиғатты қорғауға бағытталған маңызды шараға қатысқан Қонаев қаласының әкімі Асхат Бердіханов, Балқаш-Алакөл облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының басшысы Ринат Маратұлы, Балық шаруашылығы ғылыми өндірістік орталығы бас директорының орынбасары Тынысбек Барақбаев, облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Қанат Нүсіпбаев, табиғат жанашырлары, қоғамдық ұйымдар, сондай-ақ өзен жағасында демалушылар да ерекше сәттің куәсі болды.

 Экологиялық шараны ашқан Қонаев қаласының әкімі Асхат Бердіханов өз сөзінде өзенді балыққа толтыру акциясының «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық бағдарламасы аясында өткізіліп жатқанын тілге тиек етті.

–  Бүгін Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асып жатқан «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы аясында өзенді балыққа толтыру акциясын өткізіп отырмыз. Бұл акцияның басты мақсаты – табиғи байлығымызды сақтау және балық қорын молайту. «Таза Қазақстан» бағдарламасы табиғатқа жауапкершілікпен қарауға үндейді. Бұл қағида Конституциямызда да бекітілген. Азаматтар табиғатты сақтауға және табиғи байлыққа ұқыпты қарауға міндетті. 2024-2025 жылдары облыстық бюджеттен 50 млн теңге бөлініп, Қапшағай су қоймасы мен Іле өзеніне 588 мыңнан астам балық шабағы жіберілді. Биыл да бұл жұмыс жалғасуда. Оған  70 млн теңге қарастырылып, 700 мың балық шабағын жіберу жоспарланған. Аталған акция – осы игі жұмыстың нақты жалғасы, – деген қала әкімі Қапшағай су қоймасының табиғи әлеуетін арттырып, балық қорын молайту бағытында жүйелі жұмыстардың жүргізіліп жатқанын баса айтты.

Іс-шара барысында балық ресурстарын сақтау және молайту, су айдындарының экологиялық жағдайын жақсарту мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Келесі кезекте сөз алған Балқаш-Алакөл облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының басшысы Ринат Маратұлы мекеменің негізгі бағыттарының бірі – жыл сайын балық ресурстарын су айдындарына жіберу арқылы жасанды  молайтуды жүзеге асыру екенін айтты. Сонымен қоса ол жыл сайын су айдындарын балықтандыру жұмыстары жүргізілетінін атап өтті. Оның айтуынша, 2025 жылы Балқаш-Алакөл бассейнінің су айдындарына 4,6 млн дана құнды балық шабақтары жіберілген. Ал 2026 жылы бұл көрсеткішті 6 млн данаға жеткізу жоспарланып отыр. Оның ішінде мемлекеттік тапсырыс шеңберінде – 2,1 млн дана, ал балық шаруашылығы субъектілері есебінен 4 млн дана шабақ жіберу көзделген. Өңірде балық өсірумен айналысатын шаруашылықтар саны соңғы жылда төрт есеге артып, 40-қа жуықтағанын, ал өткен жылы оларда 6 мың тоннаға жуық тауарлы балық өндірілгенін айтты.

– Балық шаруашылығын дамытуға мемлекеттік қолдау көрсету мақсатында асыл тұқымды балық шаруашылығын дамыту үшін 2026 жылы Алматы облысының бюджетінен 315 млн теңге субсидия бөлінген. Сондай-ақ облыс бойынша инвестициялық салымдарды жүзеге асыру кезінде жұмсалған шығындардың бір бөлігін өтеуге 210 млн теңге қарастырылған, – деді ол.

Ал ғылымның экологияға үлесі туралы бағамдаған Балық шаруашылығы ғылыми өндірістік орталығы бас директорының орынбасары Тынысбек Темірханұлы Қапшағай су қоймасында көптеген балық түрінің бар екенін, осы су айдыны арқылы қаншама кәсіпкердің кәсібін дөңгелетіп отырғанын, сонымен қоса балықтандыру шараларының маңызын айшықтады.

– Ғылыми ұйымның мақсаты – өзіміздің өзен-көлдердегі табиғатты сақтау мен көбейту. Балықтандыру жұмыстарының жыл сайынғы мониторингін жүргізу, ғылыми зерттеулер арқылы анықтап отырмыз. Соның нәтижесінде келесі жылы ауланатын балықтардың шектік мөлшерін, балықты сақтауда және оны көбейтуде, балықтандыру ісіне қатысты іс-шараларға үлкен ұсынымдар әзірлеудеміз. Соның ішіндегі маңызды шаралардың бірі – балықтандыру мәселесі. Былтырғы жылы елімізде табиғатта биоалуантүрлілік сақтау мақсатында концепция қолға алынды. Сонда Қазақстан аумағындағы барлық су айдындарында балық қорын көбейту мақсаты алға қойылды. Осындай мақсатта ұйымдастырылып отырған экологиялық акцияның табиғатымызға, балық шаруашылығы саласына, балық өнімдерінің көбеюіне серпіліс беретініне сенімдімін, –  деді Тынысбек Барақбаев.

Бұдан кейін бағалы балық шабақтарын Қапшағай су қоймасына жіберу рәсімі орындалды. Дүйім жұрт белгіленген орынға қарай асығып, су жиегіне жақындап, тіршілікке жаңа тыныс сыйлайтын кішкентай шабақтарды жіберу сәтін таңданыспен тамашалады. Мөлдір суға сүңгіген мыңдаған шабақ жан-жаққа таралып, үлкен айдынға бет алды. Бір қарағанда, титтей ғана көрінген балық шабақтары су айдынының биологиялық қорын толықтырып, тіршілікті жандандырып, балық қорын молайтуға бағытталған маңызды қадамның нышанындай әсер қалдырды. Су бетінде толқын тербеліп, онда жіберілген шабақтар көзден ғайып болған сәтте табиғатқа жасалған тағы бір игі істің куәсі болғанымыз рас. Экологиялық шараға арнайы келген әрбір табиғат жанашыры мұндай ерекше сәтті жіберіп алғысы келмеді.

Сондай сәтте өзен жағасына отбасымен демалуға келген алматылық Юлия Владимировна өз әсерімен бөлісті.

– Біз отбасымызбен Сарыбұлақ ауылындағы №5 су тарту стансасына жиі келіп тұрамыз. Мұнда демалысымыз өте керемет өтеді. Суға қармақ салып едік, қоржынымызға көбірек балық түсті. Бүгін отбасымызбен ерекше сәтке куә болып отырмыз. Шыны керек, Қапшағай су қоймасына балық шабақтарын жіберу арқылы, табиғатқа айрықша қамқорлық жасалып отыр. Біз мұндай акцияларға дән ризамыз, – деді ол.

Қазақстанға белгілі ОХОТНИКИ.KZ қоғамдық ұйымының өкілі Владимир Корытькомен тілдескенімізде, ол мемлекеттік органдармен, Балқаш-Алакөл облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы қызметкерлерімен тығыз байланыста екенін айтып, мұнда тек демалушылар балық аулап қана қоймай, сонымен қоса өзенге балық жіберу арқылы табиғатты қорғауды жүзеге асыратынын жеткізді. Сондай-ақ аталған ұйым броконьерлікпен күресте де бірқатар іс-шараны қолға алған. Оның айтуынша, өзенді балыққа толтыру акциясының маңызы зор.

Осылайша Қапшағай су қоймасына 100 мың сазан, ақ амур, дөңмайдай балық шабақтары  жіберіліп, табиғи ортаға бейімделуге жол тартты. Суға жіберілген әрбір шабақтың болашақта ірі балыққа айналып, табиғат ажарын арттыра түсері анық.

Алтынай СЕЙІТКЕН

Шеңгелді ауылы,

Қонаев қаласы