Бүгін «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бағдарламасы аясында Алатау қаласының бас имамы Қуаныш Жұмаханұлы мен Алатау қаласының Ішкі саясат бөлімі бірлесіп, Жетіген шағынауданында «Адал қоғам» аллеясын қалыптастыруға бағытталған көгалдандыру бағдарламасын ұйымдастырды. Шара Ш. Уәлиханов көшесінің бойында өтті. Оған Алматы облысының бас имамы Мадияр Пірімқұлов, қалалық мәслихат депутаты, Алатау қаласы Қоғамдық кеңесінің төрағасы, қалалық ардагерлер ұйымының төрағасы, имамдар, жамағат өкілдері және Жетіген шағынауданының тұрғындары қатысты.Бағдарлама барысында қылқан жапырақты және басқа да ағаш көшеттері отырғызылып, аумақты абаттандыру мен көгалдандыруға бағытталған жұмыстар жүргізілді. «Адал қоғам» аллеясы – қоршаған ортаға жанашырлықты арттырумен қатар, қоғамда адалдық, бірлік, жауапкершілік және туған жерге деген құрмет құндылықтарын дәріптеуге бағытталған игі бастама. Мұндай шаралар «Таза Қазақстан» қағидаттарын нақты іспен жүзеге асырып, тұрғындарды туған қаланы көркейту мен қоршаған ортаны қорғауға жұмылдыруға ықпал етеді.
Сәбит ПАНЖАЗОВ, Құйған ықшамауданы қоғамдық кеңесінің мүшесі
Алатау қаласы