Қоғамдағы тұрақтылық пен қауіпсіздіктің басты негіздерінің бірі – заңды құрметтеу және қоғамдық тәртіпті сақтау. Заң мен тәртіп орныққан жерде азаматтардың құқықтары қорғалып, адамдардың өзара жауапкершілігі мен сенімі арта түседі. Сондықтан заң талаптарын сақтау – әрбір азаматтың ортақ міндеті. «Заң және тәртіп» қағидаты азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыруға, заң талаптарын түсіндіруге және құқықбұзушылықтың алдын алуға бағытталған. Бұл бағытта кітапханалар, білім беру мекемелері, мемлекеттік ұйымдар мен қоғамдық бірлестіктер тарапынан түрлі ақпараттық және ағартушылық іс-шаралар ұйымдастырылып келеді. Құқықтық мәдениет ең алдымен адамның өз құқығы мен міндетін білуінен басталады. Әр азамат өзіне берілген құқықтарды пайдалана отырып, басқа адамдардың құқықтары мен бостандықтарын құрметтеуі тиіс. Қоғамдық орындарда тәртіп сақтау, заң талаптарын орындау, өзгенің мүлкіне құрметпен қарау, қоршаған ортаны қорғау – күнделікті өмірдегі жауапкершіліктің қарапайым көріністері.
Жас ұрпаққа құқықтық тәрбие берудің де маңызы зор. Балалар мен жастардың заңды білуі, өз әрекетінің салдарын түсінуі және жауапкершілікті сезінуі құқық бұзушылықтың алдын алуға ықпал етеді. Осы ретте кітапханалардың атқаратын ағартушылық қызметі ерекше. Кітапхана оқырмандарға құқықтық тақырыптағы әдебиеттер мен ақпараттарды ұсынып қана қоймай, заң талаптарын түсіндіруге арналған кездесулер, дөңгелек үстелдер, ақпараттық сағаттар және пікірталастар ұйымдастырады.
«Заң және тәртіп» – тек белгілі бір мекемелердің немесе құқық қорғау органдарының міндеті емес. Бұл – бүкіл қоғамға ортақ жауапкершілік. Әр адам заңды құрметтеп, өз міндетін адал орындаған жағдайда ғана қауіпсіз әрі әділетті орта қалыптасады.
Заңды білу – өз құқығыңды қорғаудың негізі. Ал тәртіпті сақтау – қоғам алдындағы азаматтық жауапкершіліктің белгісі. Сондықтан «Заң және тәртіп» қағидатын күнделікті өмір салтына айналдыру – тұрақты әрі қауіпсіз қоғам құрудың маңызды шарты.
Ақмарал ТҰРСЫНОВА, Қарқара ауылдық
кітапханасының кітапханашысы

