Перейти к содержимому

Үздік Сарбаздар анықталды

176 қаралым

Бронды транспортер тізгіндеген жүргізушіге жүктелер жауапкершілік аз емес. Салмағы бірнеше тоннаны құрайтын әскери техниканы белгіленген бағытпен дәл әрі қауіпсіз жүргізу, кедергілерден кідірмей өтіп, экипаждың тапсырманы уақытылы әрі сапалы орындауы да шеберлікке байланысты. Осыны ескерген Ұлттық ұланның «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы әскери қызметшілер арасында «Үздік жүргізуші» және «Үздік БТР экипажы» байқауын өткізді.

Биылғы кәсіби шеберлік додасының қорытынды кезеңіне «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығына қарасты 11 әскери бөлімнің үздіктері қатысты. Ақтық сын Алатау қаласындағы 6654 әскери бөлімінің оқу орталығы мен автодромында ұйымдастырылды. Байқауды техника және қару-жарақ жөніндегі қолбасшының орынбасары, полковник Мақсат Кенжебеков басқарды.
Алдымен әр әскери бөлімде іріктеу жүргізіліп, өз ісіне мығым мамандар анықталды. Солардың арасынан үздік шыққандар өңірлік кезеңге жолдама алды. Бірнеше күнге созылған сайыста әскери қызметшілер өз білімдері мен практикалық дағдыларын қатар сынады. Жеке есептегі жүргізушілер жол қозғалысы ережелерін, бронды техниканың құрылымы мен оны пайдалану тәртібін, техникалық қызмет көрсету және ақауларды жою жолдарын білуі тиіс болды. Сонымен бірге алғашқы медициналық көмек көрсету бойынша да білімдері сараланды.


Байқау бағдарламасында атыс дайын­дығы мен практикалық жаттығуларға да айрықша мән берілді. Жүргізушілер мен экипаж мүшелері штаттық қару-жарақпен жаттығулар орындаса, БТР экипаждары жауынгерлік машинаның қаруынан атыс кезінде өзара үйлесімді әрекет ету шеберлігін көрсетті. Ал шешуші кезең автодромда өтті. Бұл жерде жүргізушілерден ауыр техниканың көлемі мен мүмкіндігін дәл сезіну, тар өткелдерден қателеспей өту, рөлге сенімді ие болу талап етілді. Шектеулі жолақпен жүру кезінде аз ғана қателіктің өзі нәтижеге әсер ететіні анық. Ал экипаж құрамындағы бақылау жаттығуында нәтиже механик-жүргізушінің ғана емес, бүкіл экипаждың бірлескен қимылына байланысты болды. Осы орайда полковник Мақсат Кенжебеков өз сөзінде:
– Қазір әскер қатарына жаңа әрі заманауи техникалар келіп жатыр. Сондықтан жеке құрамның кәсіби дағдыларын үнемі жетілдіріп, жауынгерлік әзірлігін жоғары деңгейде ұстауымыз қажет. Мұндай шаралар әскери қызметшілердің шеберлігін шыңдап қана қоймай, кез келген тапсырманы орындауға дайындығын арттырады, – деді.
Байқаудың командалық есебінде жүргізушілер арасындағы «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының үздігі атағын 5571 әскери бөлімінің жедел мақсаттағы 4-батальоны, автомобиль взводының аға маманы, 97 ұпай жинаған ефрейтор Мәулен Марленов иеленді. 6506 әскери бөлімінің жедел мақсаттағы 2-батальоны, автомобиль взводының аға маманы, сержант Ардақ Нұрымбетов 96 ұпаймен екінші орынға табан тіреді. Ал 5514 әскери бөлімінің жедел мақсаттағы 1-батальоны, автомобиль взводының аға жүргізушісі, ефрейтор Әділет Сламжан 95 ұпаймен үздік үштікті түйіндеді. БТР экипаждары арасындағы тартыста бірінші орын 3660 әскери бөлімінің экипажына бұйырды. Екінші орынды 5571 әскери бөлімінің экипажы иеленсе, 6654 әскери бөлімінің экипажы үшінші орыннан көрінді.
Осылайша, бірнеше күнге созылған кәсіби шеберлік сайысы өз мәресіне жетті. Байқау соңында үздік атанған әскери қызметшілерге жүлделер табысталып, жекелеген кезеңдерде жоғары нәтиже көрсеткен қатысушылар да марапатталды.

Құралбек СӘБИТОВ

Алатау қаласы

↑