Перейти к содержимому

Маңызды бастама

99 қаралым

«Таза Қазақстан» республикалық экологиялық бағдарламасы аясында Кеген ауданы Жылысай ауылында «Таза ауыл» акциясы өтті. Тазалық шарасына ауыл тұрғындары белсене қатысты.

Сенбілік барысында Жылысай ауылында көшелерді тазалау, абаттандыру және қоқыстан тазарту жұмыстары жүргізіліп, жол жиектері мен қоғамдық орындар ретке келтірілді. Бұдан бөлек, ағаш түптерін әктеу, ретсіз өскен бұта мен шөптерді жинау жұмыстары атқарылды. Нәтижесінде 4 тоннаға жуық қоқыс шығарылды.
Шарада Жылысай ауылдық ақсақалдар кеңесінің төрағасы, еңбек ардагері Болат Таубалдиев жылысайлықтарды экологиялық шараны ел болып қолдауға шақырды.
– Тазалық – денсаулық кепілі, береке бастауы. Тазалық болған жерде құт пен ырыс бар. Сондықтан өңірімізді таза ұстайық, ластамайық, өскелең ұрпаққа үлгі болайық! Республикалық бастаманы бірге қолдайық, – деді ақсақал.
«Қоршаған ортаның тазалығына жауапкершілікпен қарау, табиғатты таза ұстау – әрбір азаматтың борышы», – деген Жылысай ауылдық округінің әкімі Руслан Масенов шараның маңыздылығына тоқталды.
Аталған тазалық акциясы елдімекеннің санитарлық жағдайын жақсартуға септігін тигізіп қана қоймай, тұрғындар арасында қоғамдық белсенділік пен экологиялық мәдениетті қалыптастыруға өз үлесін қосты.

Дәурен Ермекбай
Кеген ауданы

↑