«Су – тіршілік көзі» деп халқымыз текке айтпаған. Адамзат та, табиғат та сусыз өмір сүре алмайды. Адамның денсаулығы, қоршаған ортаның ахуалы тікелей таза суға байланысты екендігі тағы бар. Осы ретте өңір тұрғындарын сапалы ауызсумен қамтуға жауапты мемекемелерге де артылар жүктің жеңіл емесін аңғаруға болады.
Іле ауданында ауызсу инфрақұрылымын жаңғырту жұмыстары қарқын алды. Биыл ауданның бірнеше елдімекенінде 100 шақырымға жуық жаңа су құбыры салынып, тұрғындарды сапалы ауызсумен қамтамасыз етуге бағытталған ірі жобалар іске асырылуда. Аудан тұрғындарының басым бөлігін сапалы тіршілік нәрімен «Іле су» шаруашылығы мемлекеттік мекемесі қамтамасыз етіп келеді. Кәсіпорын Іле ауданының 24 елдімекенінде, сондай-ақ Алматы қаласының Жетісу ауданына қарасты Кемел шағынауданын ауызсумен қамдап келеді. Ол аумақтарда 540,96 шақырым су құбыры желісі,112 артезиан ұңғымасы, 2 0 екінші көтерілім сорғы стансасы мен 36 су жинақтау резервуары бар. Сонымен қоса 101,9 шақырым кәріз бен 23 шақырымнан астам жылу желісі де кәсіпорын иелігінде. Бүгінде аталған мекеме тарапынан 42 799 абонентке қызмет көрсетіледі. «Іле су» шаруашылығы мемлекеттік мекемесі басшысының уақытша міндетін атқарушы Қуат Әкімбайұлының сөзінше ауданның бірқатар ауылдарында қолданыстағы сумен қамдау жүйелері жаңғыртылуда. Жұмыстар аясында жаңа ұңғымалар қазылып, су құбырлары ауыстырылып, насос қондырғыларының қуаты арттырылуда.
«Біздің негізгі міндетіміз – тұрғындарды сапалы ауызсумен тұрақты қамтамасыз ету. Осы мақсатта жаңа су құбырлары салынып, қосымша артезиандық ұңғымалар бұрғылануда. Сонымен қатар, қолданыстағы желілерді жаңғырту жұмыстары кезең-кезеңімен жалғасып жатыр. Бізде су және кәріз желілеріне қатысты тозған инфрақұрылымды жаңалау үшін қыруар қаржы қажет. Сонымен қоса мұнда қызмет ететін жұмысшылардың еңбекақысын көтеру мәселесі тағы бар. Үш жылдан бері коммуналдық төлемдер өскенімен, су тарифтері өзгерген жоқ. Сондықтан судың тарифтік бағасын қайта қарауға мәжбүр болып отырмыз», – дейді Қуат Әкімбайұлы.
Қазір «Іле су» шаруашылығы мемлекеттік мекемесі тарапынан Байсерке ауылында су құбырлары жаңарып, жаңа артезиандық ұңғыма бұрғылануда. Кәсіпорын алда су шығынын азайту, өндірістік жабдықтарды жаңғырту, қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз ету және көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыру бағытындағы жұмыстарды жалғастырмақ. Биыл ауданның бірнеше елдімекенінде 100 шақырымға жуық жаңа су құбыры салынып, тұрғындарды сапалы ауызсумен қамтамасыз етуге бағытталған ірі жобалар іске асырылуда.
Ауызсумен қамтамасыз ету – халықтың өмір сапасын жақсартудағы маңызды факторлардың бірі. Таза әрі қолжетімді ауыз су адамның денсаулығы мен күнделікті тұрмысы үшін ғана емес, экономикалық және экологиялық тұрақтылық үшін де басты рөл атқарады. Қазақстанда ауызсумен қамтамасыз ету мәселесі Мемлекет басшысының басты назарында.
Ерзат АСЫЛ
