Ұйғыр ауданының полиция қызметкерлері тұрғындар арасында интернеттегі алаяқтықтың алдын алу және қаржылық қауіпсіздікті сақтау бағытында түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Ақпараттық жұмыстар барысында соңғы уақытта жиі кездесетін алаяқтықтың бір түрі дропперлік туралы айтылды. Алаяқтар әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы азаматтарға «оңай әрі жылдам табыс» ұсынып, өздерінің банк картасын немесе шотын пайдалануға көндіруі мүмкін. Ал мұндай әрекет өзгелердің заңсыз жолмен алынған қаражатын аударуға немесе қолма-қол ақшаға айналдыруға жол ашуы ықтимал.
Полиция қызметкерлері тұрғындарға банк картасын, шотын және банк қосымшасына қатысты құпия мәліметтерді бөгде адамдарға бермеу қажеттігін ескертті. Сондай-ақ бейтаныс біреудің өтінішімен ақша қабылдап, басқа шотқа аударуға немесе мұндай қызмет үшін сыйақы алуға келіспеу керектігін де жіті түсіндірді.
Әсіресе жастар арасында тарайтын күмәнді «жұмыс» ұсыныстарына сақтықпен қарау қажеттігіне назар аударып, ата-аналарға да балаларына интернеттегі қаржылық қауіптер туралы түсіндіріп, банк картасын бөгде адамдардың пайдалануына бермеудің маңызын ескертті.
Анар ДҮЙСЕНБАЙҚЫЗЫ
Ұйғыр ауданы
.
