Бүгін Алматы облысы Қарасай ауданында алғашқы мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығы ашылды. Ашылу салтанатына облыс әкімі аппараты басшысының орынбасары Ләззат Бейсенқұлова мен Мемлекеттік корпорацияның Басқарма басшысының орынбасары Шыңғыс Оразалимов қатысты.
Айта кетейік, бұрын қызмет алу үшін аудан тұрғындары ат арылтып Алматыға баруға мәжбүр болатын. Бұл азаматтарға біраз қиындық тудыратын. Енді тұрғындар уақытын жолда зая кетірмейтін болды. Мұның сыртында, оңтүстік астанада қызмет алушылардың легі де азаяды деп күтіліп отыр.
«Жаңа мамандандырылған ХҚКО Алматы – Бішкек тасжолы, Қарасай ауданы, Әйтей ауылы, 627 есептік квартал, 95 құрылымында орналасқан. Бұл жерді кездейсоқ таңдаған жоқпыз, өйткені Қарасай ауданына жақын орналасқан Жамбыл, Талғар, Іле аудандары мен Алматы қаласының тұрғындары үшін бұл жерден көлікті тіркеу және жүргізуші куәлігін алу бойынша мемлекеттік қызметтерді алуға ыңғайлы деп есептейміз. Олар жолға небәрі 30 минуттан аспайтындай уақыт жұмсайтын болады», – деді Мемлекеттік корпорацияның Басқарма Төрағасының орынбасары Шыңғыс Оразалимов.
Жаңа орталықта қызмет алушыларға барлық жағдай жасалған, 160 орындық кең күту залы, ана мен бала бөлмесі бар. Ерекше көмекке мұқтаж адамдар үшін пандус пен мемлекеттік қызмет көрсетуге арналған жеке сектор қарастырылған. Сонымен қатар, мамандандырылған орталықта клиенттер операторлардың көмегінсіз қызметтерді ала алатын өзіне-өзі қызмет көрсету аймағы да бар.
Айта кету керек, ғимараттың ауданы 2700 шаршы метр, 300 көлікке жеткілікті автотұрағы бар. Сонымен қатар, тәжірибелік емтиханды тапсыруға арналған ауданы 0,4 гектарды құрайтын және «А» санатына емтихан тапсыру үшін ауданы 700 шаршы метрлік автодромы бар.
Айтпақшы, жаңа мамандандырылған ХҚКО-да көші-қон қызметіне қатысты да қызметтер алуға болады. Оның ішінде ЖСН алу және түзету, көшіп келушілерге жұмыс істеуге рұқсат беру және ұзарту, Қазақстан Республикасында уақытша болатын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарды тіркеу сияқты қызметтер кіреді.