Перейти к содержимому
Басты бет / Барлық жаңалықтар / «Жастар тәжірибесі» – жарқын болашаққа бастар жол

«Жастар тәжірибесі» – жарқын болашаққа бастар жол

162 қаралым

Жастардың кәсіби дамуына қолдау көрсетіп, еңбек нарығында өз орнын табуына мүмкіндік беретін мемлекеттік бағдарламалардың бірі – «Жастар тәжірибесі». Аталған бағдарлама жас мамандардың теориялық білімін тәжірибемен ұштастырып, кәсіби дағдыларын жетілдіруге және болашақ мансабына нық қадам жасауына жол ашады.
Осы мүмкіндікті тиімді пайдаланған жастардың бірі – Гүлшат Жанатқызы. Ол 2025 жылы Алатау қаласының Мансап орталығының жолдамасы негізінде «Жастар тәжірибесі» бағдарламасы аясында Алатау қаласының Жер қатынастары мемлекеттік мекемесінде тәжірибеден өтті.
Үш айлық тәжірибе кезеңінде Гүлшат өзін жауапкершілігі жоғары, ізденімпаз әрі кәсіби дамуға ұмтылатын жас маман ретінде көрсете білді. Осы уақыт аралығында нормативтік-құқықтық құжаттармен жұмыс істеуді, азаматтардың өтініштерін қарастыруды, жер учаскелеріне қатысты құжаттарды рәсімдеуді және мемлекеттік қызмет көрсету үдерістеріне қатысуды меңгерді. Алған тәжірибесі оның кәсіби біліктілігін арттырып, мемлекеттік қызмет саласындағы білімін тереңдетуге ықпал етті.
Тәжірибе барысында өзінің іскерлігі мен жауапкершілігін таныта білген Гүлшаттың еңбегі нәтижесіз қалмады. Ол тәжірибе мерзімі аяқталғаннан кейін Алатау қаласының Жер қатынастары бөліміне бас маман лауазымына жұмысқа қабылданды. Бұл – жас маманның табандылығы мен еңбекке деген ынтасының, сондай-ақ «Жастар тәжірибесі» бағдарламасының тиімділігін көрсететін жарқын мысал.
Гүлшат Жанатқызы бағдарламаның жастар үшін маңыздылығына тоқталып, өз ойын былайша жеткізді:
«Мен «Жастар тәжірибесі» бағдарламасын жастарға мемлекет тарапынан берілген үлкен мүмкіндік деп санаймын. Үш айлық тәжірибе барысында нормативтік-құқықтық құжаттармен жұмыс істеу, азаматтардың өтініштерін қарастыру, жер учаскелеріне қатысты құжаттарды рәсімдеу және мемлекеттік қызмет көрсету үдерістеріне қатысу арқылы кәсіби біліктілігімді арттырдым. Бұл тәжірибе менің болашақ мамандығыма деген қызығушылығымды нығайтып, мемлекеттік қызмет саласында еңбек етуіме жол ашты», – дейді Гүлшат Жанатқызы.
Гүлшаттың жетістігі – оқуын жақында ғана аяқтап, еңбек жолын бастауға мүмкіндік іздеп жүрген көптеген жасқа үлгі боларлық оқиға. Оның «Жастар тәжірибесі» бағдарламасы арқылы алғашқы кәсіби тәжірибе жинақтап, бүгінде бас маман лауазымына орналасуы бағдарламаның тиімділігін көрсетеді. Мұндай мемлекеттік қолдау шаралары жастардың еңбек нарығына бейімделуіне, тұрақты жұмысқа орналасуына және кәсіби тұрғыдан қалыптасуына мүмкіндік беріп, елдегі жұмыссыздық деңгейінің төмендеуіне де өз үлесін қосады.
«Жастар тәжірибесі» – жастардың әлеуетін ашып, кәсіби болашағын қалыптастыруға бағытталған маңызды қадам. Бұл бағдарлама жас мамандарға еңбек жолын бастауға, тәжірибе жинақтауға, өз қабілеттерін көрсетуге және тұрақты жұмысқа орналасуға мүмкіндік береді.

Толқын ОДАШҚЫЗЫ

Алатау қаласы

↑