Перейти к содержимому

Тасқа таңбаланған тарих

205 қаралым

Іле өзенінің бойымен созылған кең дала, алыстан менмұндалаған алып жартастар, айналадағы табиғаттың тыныштығы. Бұл көрініс Алматы облысындағы Таңбалытасқа табаны тиген жанға бірден әсер қалдырады. Алайда мұндағы сапардың ерекшелігі табиғат тамашалаумен ғана шектелмейді. Жартасқа қашалған таңбалар өткен дәуірдің үнін бүгінгі күнге жеткізіп тұр.

Таңбалытас – табиғи ландшафты мен тарихи-мәдени мұрасы қатар үйлескен туристік орындардың бірі. Мұнда келген адам бір күннің ішінде табиғат аясында тынығып, Іле өзенінің көрінісін тамашалап, сонымен бірге көне мұрамен таныса алады.
Соңғы жылдары тарихи орынға қызығушылық артып келеді. Алматы облысы бойынша туризм басқар­ма­сының бас маманы Алмагүл Мұханның мәлі­метінше, жыл басынан бері Таңбалы­тас шатқалына 8 мыңнан ас­там турист келген. Оның ішінде еліміздің әр өңірінен келген саяхатшылармен бірге шетелдік қонақтар да бар. Туристердің ашық платформаларда қалдырған пікірлеріне қарағанда, келушілерді өзен мен жартастың қатар орналасуы қызықтырады. Кейбір саяхатшылар мұнда серуендеп, табиғатты тамаша­лауды ерекше әсер ретінде атап өтсе, енді бірі жартасқа қашалған бейнелер мен жазуларға назар аударады. Нұрлан есімді саяхатшы үшін мұндай орынның құндылығы – табиғат пен тарихтың бір кеңістікте тоғысуында.
Таңбалытасқа жету үшін «Алматы – Қонаев» автомагистралі арқылы Қонаев қаласына бағыт аласыз. Одан әрі «Қонаев – Бақанас» жолымен жүріп, шамамен 10 шақырымнан кейін Іле өзеніне қарай бұрыласыз. Қазір туристерге бағытты алдын ала жоспарлау да жеңілдей түскен. Таңбалытасқа дейінгі маршруттар 2GIS және Yandex Maps навигациялық сервистеріне енгізілген. Ал тарихи мекенге өзгеше жолмен барғысы келетіндер үшін Іле өзені арқылы қайықпен саяхаттау мүмкіндігі де бар. «Көшпенділер қалашығы» бағытынан басталатын мұндай сапар кезінде туристер өзен бойындағы табиғатты тамашалап, нысанға су жолы арқылы жете алады.


Таңбалытас соңғы жылдары түрлі спорттық және туристік шаралар өтетін орын ретінде де танылып келеді. Биыл 1-2 мамыр күндері Іле өзенінің бойында «Tengri Ultra» халықаралық ультрамарафоны ұйымдастырылды. Осымен 11-рет өткен жарысқа әлемнің 22 елінен 2 мыңға жуық спортшы қатысып, 5 мыңнан астам жанкүйер жиналды. Мұндай шаралар тарихи мекеннің туристік әлеуетін арттыра түсетіні анық.
Алмагүл Мұханның айтуынша, Таңбалытасқа келген әрбір адам ең алдымен осы жердің табиғи және тарихи құндылығына құрметпен қарауы тиіс.
– Жартастағы көне бейнелер мен таңбалар – сан ғасырлық тарихтан жеткен мұра. Сондықтан оларды бүлдіруге немесе айналаны ластауға жол берілмейді. Сапарға шыққан адам ауа райын алдын ала ескеріп, ыңғайлы киім мен жабық аяқ киім кигені жөн. Күннен қорғайтын құралдар мен жеткілікті мөлшерде ауызсу алған дұрыс. Әсіресе, дала жағдайында орналасқан нысанға бара жатқанда бұл қарапайым кеңестер сапарды жайлы өткізуге көмектеседі. Кіру ақылы негізде жүзеге асырылады. Қазақстан азаматтары үшін ересектерге – 1000 теңге, студенттерге – 500, оқушыларға – 200 теңге. Шетел азаматтары үшін де сондай баға. Ал кешен аумағына автокөлікпен кіру құны – 5 мың теңге, – дейді маман.
Жартастағы таңбалар өткен дәуірден қалған үнсіз шежіре іспетті. Бұл жерге барған адам табиғаттың әсемдігін көріп қана қоймай, өткеннің ізін сезінеді. Сондықтан тарихи мекенге келген әрбір саяхатшы оны жай ғана туристік нысан емес, ұрпақтан-ұрпаққа жетуі тиіс аманат ретінде қабылдаса игі. Өйткені бүгін сақталған әрбір таңба – ертеңгі ұрпақ үшін тарихтың бір бөлшегі. Ал сол тарихты көру, танып-білу және қорғау – бәріміздің ортақ міндетіміз.

Тоғжан ЖОЛДЫҒАЛИ

↑