Алматы облысының квазимемлекеттік секторында 200-ден астам субъект жұмыс істейді. Оларда сыбайлас жемқорлық жағдайлары болмас үшін комплаенс қызметін жетілдіру маңызды. Осы мақсатта облыс әкімдігінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс бойынша отырыс өтті.
Бірқатар басқарма басшылары мен квазимемлекеттік сектор жетекшілері қатысқан жиында сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және тәртіп пен заңдылықтың сақталуы сынды мәселелердің түйіні тарқатылды. Кеңес отырысына төрағалық еткен ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Алматы облысы бойынша департаментінің басшысы Нұрсұлтан Сейдәлиев сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша заңнамалық өзгерістерге тоқталып өтті. Оның айтуынша, құжатта мүдделер қақтығысына қатысты нормалар белгіленді.
«Алматы облысындағы квазимемлекеттік секторларда 215 штаттық комплаенс-офицер қызмет етеді. Оның ішінде 171 ұйымда бұл функция өзге қызметкерлерге қосымша міндет ретінде жүктелген. Бұған дейін комплаенс-офицерлердің бақылауға тиіс ұйым басшылығына тәуелді болуы олардың дербестігін шектеп келді. Осыған байланысты «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңға, акционерлік қоғамдардың, жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің, мемлекеттік кәсіпорындар мен Ұлттық әл-ауқат қорының қызметін реттейтін тиісті заңдарға, сондай-ақ сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс-қызметтер туралы үлгілік ережеге өзгерістер енгізілді. Ендігі кезекте, комплаенс-қызмет атқарушы органнан тәуелсіз бола отырып, директорлар кеңесіне, байқау кеңесіне немесе өзге де тәуелсіз басқару органына есеп береді. Сонымен бірге, комплаенс-қызметтің штат санын айқындау, басшысын немесе жауапты тұлғаны тағайындау, өкілеттік мерзімін, лауазымдық айлық ақысын және сыйақы шарттарын белгілеу тәуелсіз басқару органының құзыретіне өтті. Акционерлік қоғамдарда комплаенс-қызметке директорлар кеңесінің отырысын шақыру құқығы берілді. Комплаенс қызметкерлердің еңбек кепілдіктері күшейтілді. Атап айтқанда, еңбек шартын жасау және тоқтату, тәртіптік жауаптылыққа тарту мәселелерінде комплаенс қызметкерлеріне қатысты арнайы нормалар енгізілді. Қазіргі уақытта жаңа талаптарды ұйымдарда іске асыру жұмысы жүргізілуде. Үлгілік ережеге сәйкес, комплаенс-қызметтердің құрылымын қалыптастыруы тиіс 215 ұйым анықталды. Бүгінде олардың 44-інде, яғни 20 пайызында ғана тиісті жұмыс атқарылды. Қалған ұйымдарда бұл жұмыс жақын арада аяқталуы тиіс», – деді Нұрсұлтан Ақылбекұлы.
Келесі кезекте «Жаңару» сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық қозғалыс» РҚБ Алматы облыстық филиалының директоры Ардақ Сыдықовқа сөз берілді. «Ұлтты қалыптастыратын үш құндылық – еңбекқорлық, қарапайымдылық және үлкендерге құрмет. Бүгінгі кездесу бір-бірімізбен тәжірибе алмасуға, озық тәжірибені талқылауға және оқу орындарында құқықтық мәдениетті нығайту жолдарын қарастыруға мүмкіндік береді», – деді ол.
Отырыста сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясаттың негізгі бағыттары жайында департаменттің сыбайлас жемқорлықтың алдын алу басқармасының басшысы Ділмұрат Сайфуллаұлы кеңінен баяндады. Оның сөзінше сыбайлас жемқорлықтың алдын алу практикасын жетілдірудегі негізгі бағыттардың бірі – мүдделер қақтығысының алдын алу және оны реттеу жүйесін жетілдіру. «Негізгі міндет – жеке мүдделілікті оның қызметтік немесе басқарушылық шешімдерге ықпал етуіне жол бермей тұрып анықтау және алдын алу. Осы мақсатта мүдделер қақтығысының үш түрі – ықтимал, нақты және орын алған түрлері белгіленді. Әрбір түрі бойынша нақты іс-қимыл алгоритмі және оны реттеу мерзімдері нақтыланды. Мемлекеттік қызметшілер мен мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдарға теңестірілген тұлғалардың мүдделер қақтығысының алдын алу және оны реттеу шараларының сақталуын қамтамасыз ету әдеп жөніндегі уәкілдер мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс-қызметтерге, ал олар болмаған жағдайда кадр қызметтеріне жүктеледі», – деген Ділмұрат Сайфуллаұлы жаңа Сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс-қызметтер туралы үлгілік ережеде комплаенс-қызметтердің практикалық рөлі де кеңейтілгенін жеткізді.
Жиында Қарғалы ауылдық ауруханасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс қызметінің басшысы Айнаш Масанова мен облыстық балалар клиникалық ауруханасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс-офицері Қуаныш Мұхтарұлы заң үстемдігін қамтамасыз ету, қоғамда адалдық құндылықтарын нығайту және азаматтардың мемлекеттік институттарға деген сенімін арттыру бағытында ой бөлісті. «Комплаенс қызметінің негізгі мақсаты – құқық бұзушылықтарды анықтау ғана емес, ең алдымен олардың алдын алу. Осыған байланысты медициналық ұйымда сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендетуге бағытталған кешенді іс-шаралар тұрақты түрде өткізіліп келеді. Жыл бойы қызметкерлер арасында қызметтік әдеп қағидалары, мүдделер қақтығысының алдын алу, сыйлықтар қабылдауға жол бермеу және заң талаптарын сақтау мәселелері бойынша түсіндіру жұмысы ұйымдастырылады. Әрбір жаңа қызметкер ұйымның ішкі нормативтік құжаттарымен таныстырылып, адал қызмет қағидаттарын ұстануға міндеттеледі», – деді Айнаш Масанова.
Отырысты түйіндеген ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Алматы облысы бойынша департаментінің басшысы Нұрсұлтан Сейдәлиев Мемлекет басшысы айқындаған «Заң мен тәртіп» және «Адал азамат» қағидаттары квазимемлекеттік ұйымдардың, жеке сектор субъектілерінің күнделікті қызметінде де көрініс табуы қажет екенін айтып, диалог алаңында аталған мәселелердің жан-жақты талқылануына баса назар аударылатынын жеткізді.
Ерзат АСЫЛ
