Перейти к содержимому
Басты бет / Әлеумет / ОБЛЫС ОРТАЛЫҒЫНДА АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ӨНІМДЕРІНІҢ ЖӘРМЕҢКЕСІ ӨТТІ

ОБЛЫС ОРТАЛЫҒЫНДА АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ӨНІМДЕРІНІҢ ЖӘРМЕҢКЕСІ ӨТТІ

78 қаралым

Қонаев қаласындағы «Айша сити» базарында «Дала дәмі» атты ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өтті. Басты мақсаты — қала тұрғындарын сапалы әрі қауіпсіз азық-түлік өнімдерімен тиімді бағада қамтамасыз ету. Жәрмеңкеде шаһар тұрғындары аудандар мен Алатау қаласының шаруа қожалықтары және жергілікті кәсіпкерлер тікелей жеткізген табиғи, сапалы әрі экологиялық таза өнімдерді тиімді бағада сатып алып жатты. «Қонаев» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы күріш, ұн, қант, өсімдік майы, қарақұмық және басқа да бакалея өнімдерінің базар нарқынан төмен бағада саудалады. Сонымен бірге Талғар, Іле аудандарының картобы, Балқаш ауданының балы, Ұйғыр ауданының құс өнімдері, Еңбекшіқазақ ауданынан әкелінген қызанақ, жүзім, алма сатылып жатқан жерде халықтың қарасы молайып, кезек пайда болғанына куә болдық.

– Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігінің бастамасымен ел аумағында өтіп жатқан «Дала дәмі» атты жәрмеңке Алматы облысы көлемінде 19 қыркүйекте басталды. Барлық аудан мен қалада әр сенбі сайын өткізілуде. Бұл игі шара бүгін Қонаев қаласында ұйымдастырылып отыр. Жәрмеңкеде 2025 жылы Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрінің «Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының тізбесін бекіту туралы» бұйрығына сәйкес бекітілген әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары сатылуда. Оның ішінде ет, сүт өнімдері, көкөністер, жеміс-жидектер, дәнді-дақыл және басқа да өнімдер бар. Отандық ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне жан-жақты қолдау білдіру, өнімдерді өткізу нарығы мен мүмкіндіктерін кеңейту, тұрғындарды сапалы әрі қолжетімді отандық өнімдермен қамтамасыз ету, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының баға тұрақтылығын сақтау бағытында қолға алынған «Дала дәмі» жәрмеңкесінің өзіндік ерекшеліктері бар. Атап айтқанда, арнайы баннерлермен, логотиптермен және сатып алушы тұрғындарға арналған фотозонамен қамтылған. Жәрмеңкені жыл соңына дейін өткізу жоспарлануда, – деді Алматы облысы бойынша Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің бас маманы Шымболат Құрманғали. Облыстық кәсіпкерлік басқармасы өкілдерінің айтуынша, «Дала дәмі» жәрмеңкесі облыс көлемін кеңінен қамтып отыр. Алдағы уақытта Қонаев қаласында да өз жалғасын тауып, дәстүрлі түрде өткізіліп тұрады. Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігінің бұл бастамасы аясындағы халық игілігіне арналған жәрмеңке келешекте жалғасын тауып жатса, облыс көлеміндегі ауылшаруашылығы өнімін өндірушілерге жаңа өткізу нарығын ашуға және аудан орталықтары мен қалалардағы бағаның тұрақтылығына әсер ететіні сөзсіз.

Айжарық КӨПТІЛЕУОВ

Қонаев қаласы

↑