6654 әскери бөлімінде Отан алдындағы борышын өтеп жүрген үш жас сарбаздың достығы өзгелерге үлгі.
Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының 6654 әскери бөлімінде 2-2026 шақырылым жас сарбаздары әскери қызметтің алғашқы кезеңінен өтіп, Отан алдындағы азаматтық міндеттерін абыроймен атқаруға кірісті. Олардың қатарында Шымкент қаласы, Төле би ауданына қарасты Зағанбар ауылынан шақырылған үш сыныптас әрі ауылдас бар.
Олар — Мирзахматов Розмат Жамалович, 2008 жылғы 19 қыркүйекте дүниеге келген; Ташболатов Розмат Захиджанович, 2007 жылғы 1 қазанда туған; Султанмуратов Розмат Ибрахимович, 2008 жылғы 4 қыркүйекте дүниеге келген.
Бала кезден бірге өсіп, бір мектепте білім алған үш дос бүгінде әскери киім киіп, бір бөлімде қызмет атқарып жүр. Мектеп қабырғасындағы достықтары әскери ортада да жалғасын тауып, бір-біріне қолдау көрсетіп, ортақ мақсатқа бірге қадам басуда.
Үшеуінің де сүйікті хоббиі — футбол ойнау. Спортқа деген қызығушылықтары олардың командалық рухын нығайтып, ұйымшылдық пен өзара қолдау қасиеттерін дамытуға ықпал етеді.
Жас сарбаздардың үшеуі де профилакторлық оператор мамандығы бойынша қызмет атқаруда. Ең бастысы, олар әскери қызметке өз еріктерімен келген. Бұл — олардың ел алдындағы жауапкершілікті сезініп, азаматтық борышын өтеуге деген ұмтылысының көрінісі.
Бір ауылдан түлеп ұшқан үш сыныптастың енді бір әскери бөлімде Отан алдындағы міндеттерін қатар атқаруы — достықтың, бірліктің және ортақ мақсаттың жарқын үлгісі.
Бір ауылдың үш ұланы, бір бөлімнің үш сарбазы! Бүгінгі достықтары ертеңгі өмірлік естеліктеріне айналып, әскери қызмет оларды шыңдап, нағыз азамат болып қалыптасуына жол ашсын!
Отанға адал қызмет ету — әр азаматтың абыройлы міндеті. Жас сарбаздарға әскери қызметтеріне сәттілік, мықты денсаулық, темірдей тәртіп және ел сенімін ақтайтын абыройлы жол тілейміз!
