Перейти к содержимому

Өзен-көл балыққа толды

35 қаралым

Іле өзенінде «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы аясында су айдынын балыққа тол­тыру акциясы өтті. Өзенге 150 мыңнан астам шабақ жіберілді. Осылайша жыл басынан бері Іле өзені, Балқаш көлі мен Қапшағай су қоймасына жіберілген шабақ саны 600 мыңнан асты. Қазан айының соңына дейін оның көлемін 4 млн-ға жеткізу жоспарланып отыр. Сондай-ақ акция барысында сенбілік ұйымдастырылып, Іле өзенінің жағасы қоқыстан тазар­тылды.

Шараға сала мамандары, мемлекет­тік орган өкілдері, жастар мен ерікті­лер атсалысты. Облыс әкімінің орынба­сары Бақытнұр Бақытұлы да акцияға қатысып, оның экожүйені сақтаудағы маңызына тоқталды.
– «Таза Қазақстан» – тек тазалық шарасы емес, табиғи байлы­ғы­мызды сақтауға, қоршаған ортаға жауап­кершілікпен қарауға бағытталған жалпыұлттық бастама. Оның маңызды бағыттарының бірі – су экожүйесін сақтау және балық санын молайту. Осы міндеттерді іске асыру шеңберінде облыс әкімі Шыңғыс Сайранұлының тапсырмасына сәйкес өңірдегі су айдындарына балық жіберу жұмысы жүргізілуде. Өзенді балыққа толтыру экологиялық акциясы – аталған тапсырманы іске асыру аясындағы кезекті іс-шара, – деді Бақытнұр Бақытұлы.


Игі бастамаға «Жасыл ел» еңбек жасағының жастары белсене үлес қосты.
– «Жасыл ел» жасақшылары өзенге шабақ жіберу шарасына алғаш рет қатысып, мұның қоршаған орта үшін қаншалықты маңызды екенін сезінді. Сонымен қатар өзен аумағында өткізілген сенбілікте жұмыла жұмыс істеді. Өңірде қыркүйек-қазан айларында болатын мұндай акцияларға 1000-ға жуық жас жұмылдырылды. Олар облыстағы түрлі бағыттағы бастамаларға белсене атсалысады. Мәселен, «Киелі мекен» акциясы аясында ескерткіштер мен тарихи орындарды ретке келтірсе, «Таза өзен», «Таза көл» жобасында жағалауларды тазартады, – деді шараға қатысқан Диляра Қабдолина.
Мамандардың айтуынша, жібе­рілген балықтардың 80 пайызы өсіп-жетіледі. Жыл сайын өткізілетін мұндай шаралар балық қорын молайтуға елеулі үлес қосып келеді. Мұны Балық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығының зерттеу қорытындысы да дәлелдеп отыр.
Осылайша, Іле өзені аумағында ұйымдастырылған акция табиғат байлығын қорғауға бағытталған қос бірдей игі шараны ұштастырды. «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясындағы жұмыстар алдағы уақытта жоспарға сай жалғасын табады.

Гүлзат БАЙҚОНЫС

↑