Перейти к содержимому

Жол – экономиканың күретамыры

34 қаралым

Қарасай ауданындағы автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 1439 шақырымды құрайды. Оның ішінде 71 шақырымы – республикалық, 253 шақырымы – облыстық, ал 1115 шақырымы – аудандық маңызы бар жолдар. Аудандық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің мәліметінше, жолдарды жөндеу және тиісті жол белгілерін орнату бағытында бірқатар жұмыс атқарылған.

Биыл 63 шақырым жолды жөндеуге қажетті қаражат бөлінген. Бұл жұмыстар ауданның 27 елдімекеніндегі 94 көшені қамтиды. Атап айтқанда, Қаскелең қаласындағы жалпы ұзындығы 7,8 шақырым болатын 16 көшеде күрделі жөндеу жұмысы аяқталды. Қазіргі таңда 52 көшеге орташа жөндеу жүргізілуде. Сонымен қатар Қаскелең қаласы, Жібек жолы, Әйтей, Қырғауылды ауылдарында орналасқан 11 көшеде жолдар бағыттық тәсілмен жөнделіп жатыр.
Жол жөндеу саласы мамандарының айтуынша, бұл – белгілі бір қозғалыс бағыты бойынша кезең-кезеңмен орындалатын кешенді жөндеу жұмыстары. Оған жолдағы ақауларды жою және көлік қозғалысына қауіп төндіретін учаскелерді ретке келтіру кіреді. Атап айтқанда, шұңқырларды, ойықтарды, жол жабындысының бұзылған жерлерін қалпына келтіру жұмыстары жүргізіледі.
Мұндай тәсілдің тиімді тұстары да аз емес. Әдетте ол жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлемей, ақау актілері негізінде ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу кезінде қолданылады. Алдағы уақытта тағы бірнеше көшені жөндеу жоспарланып отыр. Қазіргі таңда тиісті қаражат бөлу мәселесі қарастырылуда.
Жол қозғалысы қауіпсіздігін қам­тамасыз ету бағытында атқарылған жұ­мысқа тоқталсақ, аудан жолдарының 32 шақырымында арнайы жолақтар төселді. 6 мың шаршы метр жолдың шұңқырлары жөнделіп, 175 жол белгісі және 18 жасанды жол кедергісі орнатылды.
Мұндағы жаңашылдықтың бірі – аудан аумағындағы «Алматы – Бішкек» автомобиль жолының 19-27 шақырым аралығындағы бөлігін кеңейту жұмыстары. Бұл іс Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша жүзеге асырылуда. Жұмыс биылғы шілде айынан басталып, жыл соңына дейін аяқталады деп жоспарланған.

Қуат ҚАЙРАНБАЕВ

Қарасай ауданы

↑