Алматы облысының аудандарында «Ауылым – алтын бесігім» атты Мәдениет күндерін өткізу жақсы дәстүрге айналды. Биыл бұл шара Талғар ауданында кең көлемде аталып өтті. Өйткені Талғар – қасиетті атамекеніміздің ұлттық құндылықтары мен мәдени мұрасын сақтауға үлес қосып келе жатқан рухани қазынасы мол, талантты тұлғаларымен танылған өңір. Игі шараға облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Әнуар Үмбетәлиев қатысты. Қонақтарды Талғар ауданының әкімі Әнуар Әскербеков бастап жүрді.
Қалыптасқан дәстүр бойынша аудандық Мәдениет үйінің алдындағы алаңда мәдениет саласының қызметкерлері, өнерпаздар, өндірістік мекемелердің, этномәдени орталықтардың өкілдері, кәсіпкерлер, жергілікті тұрғындар жиналды. Мерекеге орай әсем безендірілген ортада қатысушылар өздерін нағыз этноауылда жүргендей сезінді. Табиғаттың өзі аудан тұрғындарының тату тірлігі мен берекелі бірлігін қолдағандай күн ашық, жылы болды.

Шара басында аудандағы қолөнер бұйымдарын жасайтын шеберлер мен ісмерлердің ұлттық үлгідегі бұйымдар жәрмеңкесі көпшілік назарына ұсынылды. Онда облыстан, көрші аудандардан келген қонақтар қолөнер шеберлерінің өз қолымен жасаған киім-кешек, тұрмыстық керек-жарақ, музыка аспаптары, кәдесыйлар, ойыншықтар, зергерлік бұйымдарын тамашалады. Жиналған көпшілік қазақтың ұлттық аңшылық өнерін жалғастырып келе жатқан саятшылардың тазы мен бүркіт өсіру және оларды қолға үйрету әдіс-тәсілдерімен де танысты. Алаң бойлап орнатылған ақшаңқан шатырларда этномәдени орталықтардың өкілдері ұлттық тағамдарын ұсынды.
Әсіресе аналар кеңесі мүшелерінің шебер қолымен ұйымдастырылған ұлттық дәстүрімізге сай кең дастарқан Талғар жұртының қонақжайлығы мен меймандостығын танытты деуге болады. Қонақтарды аймаққа танымал ансамбльдер – «Ардагерлер хоры» мен «Әжелер шуағы» қарсы алғанын айта кеткен жөн. Облыстан келген делегация талғарлықтардың ұйымшылдығы мен шеберлігіне тәнті болып, үлкен қызығушылықпен әр шатырды, Мәдениет үйінің кіреберісінде картиналар мен кескіндеме шеберлерінің туындылары қойылған көркемсурет көрмесін де аралап көрді.

Мәдениет үйінің үлкен залында шараға қатысушыларды аудан әкімі Әнуар Әскербеков құттықтады.
– Мәдениет күндері – ұлттық киімдер көрсетіліп, ән шырқалып, би биленіп, өлеңдер оқылатын жай ғана мереке емес. Бұл – халықтың тарихы мен өткеніне, қазақ халқының салт-дәстүрі мен мәдени мұрасының сақталуына деген құрмет. Бүгінгі таңда ауданда 5 Мәдениет үйі, 10 кітапхана, бір мұражай, 7 халық ансамблі, 62 шығармашылық ұжым жұмыс істейді. Оларда еңбек ететін дарынды жандардың арқасында қасиетті Талғар өңірі өркендеп келеді. Бүгінгі мереке – мәдениет әрқашан халықтың шығармашылығында өмір сүретіндігінің жарқын дәлелі, – деді аудан басшысы.
Одан кейін облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Әнуар Үмбеталиев сөз сөйлеп, мұндай мерекелер тұрғындардың көңіл-күйін көтеріп, өскелең ұрпаққа ұлттық дәстүрді дәріптеп, сақтауға ықпал ететінін атап өтті.
– Бүгінгі мереке қасиетті Талғар жерінде өтіп жатыр. Бұл өңір талантты тұлғаларымен, бай тарихымен және мәдени мұрасымен танымал. Осындай шаралар баршамызды бір жерге жинап, жетістіктерімізді бірге атап өтуге мүмкіндік беретін игі дәстүрге айналсын, – деді ол.
Содан кейін сахнада үлкен концерт көпшілікке ұсынылды. Әртістердің өнері «Ақсауыт» күйімен басталды, оны «Талхиз сарыны» фольклорлық ансамблі орындады. Сондай-ақ Талхиз қалашығы және қазақтан шыққан тұңғыш ғалым Шоқан Уәлихановтың Қашқарияға сапары жөнінде мол мәлімет беретін сахналық қойылым көрсетілді. Одан кейін Қымбат Жексенбаева «Ескі асыл зат» әнін шырқап, әртістер Нұрдәулет Әбдіқадіров пен Жансая Темір «Кербез сұлу» күйін, ал «Шашу» ансамблі «Мереке» биін орындады. «Ару» ансамблі қыздарының «Көшпенділер» биі зал толы көрерменге ерекше әсер қалдырды. Димаш Дәулетов шырқаған «Талғардың сұлу қыздары» әні де көпшіліктің көңілінен шықты.
Концерттік бағдарламада тек халық әндері ғана емес, сондай-ақ Гаухар Әліпанова мен Құрманбек Бектұрсынұлының орындауында әлемдік операдағы ән шырқалса, әйгілі трио «Қазағымсың» әнін шырқады. Жалпы әртістердің концерттік репертуары өте тартымды әрі мағыналы болды. Көрермен тәнті болып, әр нөмірге ұзақ қол шапалақтады.

Аудан өнерпаздарының өнерін құрамына Төлеужан Ғұмаров, Дәулет Дәркембайұлы, Ғазиза Әбдиева, Ержан Тоқтар, Мәншүк Тұрсынғазиева, Бекназар Какалеев сияқты өнер адамдары енген қазылар алқасы бағалап отырды.
Түйіндеп айтсақ, ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқан халқымыздың рухани қазынасын, салт-дәстүрін, бай мәдени мұрасы мен ұлттық құндылықтарын сақтап, әрі қарай жаңғырту, оларды өскелең ұрпақтың бойына сіңіру – бүгінгі аға буын үшін үлкен жауапкершілік әрі ұлы мәртебе. Бұл тұрғыда «Ауылым – алтын бесігім» атты Мәдениет күндерінің берері мол. Ол – жаныңды жадыратар жақсы дәстүр.
Құтмағамбет ҚОНЫСБАЙ
Талғар ауданы
