Бүгін шаһардағы орта-мектеп гимназияның қабырғасында Қонаев қаласы әкімінің шыршасы өтті. Оған әлеуметтік осал топтан шыққан 150 бала қатысты.
Шыршаға қала әкімінің орынбасары Марлан Жолдахмет арнайы қатысып, балаларды мерекемен құттықтады.
«Өткен жылға өкпеміз жоқ, жеңістеріміз көп болды. 24 оқушымыз әртүрлі деңгейдегі байқаулардың жеңімпазы атанды. Келер жылы бұдан да үлкен жетістікке жетулеріңе тілектеспін. Жаңа жылда аңсаған армандарың орындалсын! Келер жыл бақ-береке әкеліп, баршамызға шаттық-күлкі сыйласын!», – деді Марлан Жолдахмет.
Сонымен қатар ол қала әкімінің шыршасы жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін іс-шара екенін айтты.
«Биыл қаладағы және оған қарасты ауылдық округтерден шыршаға 150 бала қатысып отыр. Ендігі жылы бала санын көбейтуді жоспарлап отырмыз», – деді әкімнің орынбасары.
Шыршада түрлі кейіпкерлер қатысқан қойылымдар қойылып, балалар ән шырқап, би биледі. Кейіннен оларға сый-сияпаттар табыс етіліп, балақайлар мерекеге орай жайылған дастарханнан дәм ауыз тиді.
Жалпы биыл қалада жаңа жыл мерекесі ауқымды тойлануда. Мысалы, «Қамқор жүрек» қоғамдық бірлестігі мүмкіндігі шектеулі 40 балаға, «Қапшағай Самға» бірлестігі 33 балаға арнап шырша өткізсе, алдағы уақытта күндізгі болу орталығы 29 балаға, «Алтын-бала» қоғамдық қоры 15 балаға арнайы мерекелік шара ұйымдастырмақ. Сондай-ақ қалада тұратын мүмкіндігі шектеулі балалардың барлығы сыйлықтармен қамтылады. Денсаулық жағдайына байланысты өздігінен жүре алатын 186 бала шыршаға қатысса, үйден шыға алмайтын мүгедектігі бар балаларды жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің мамандары үйіне барып құттықтап, сыйлықтар табыстайды.
Бұдан бөлек, шаһарда 16 мектеп орналасқан. Онда 13000-нан астам бала оқиды. Барлық білім ошақтарында салтанатты кештер өтіп жатыр.