Астананың Бейбітшілік және келісім сарайында кеше кешкісін Astana media week – 2026 апталығы қорытындыланды. Әлемдік ақпарат құралдарының жетекшілері мен журналистері шақырылған ауқымды медиафорум үш күнге созылды. Жаһанның бар тілшісі бетпе-бет келіп отырған сын-қатерлер мен жаңа мүмкіндіктер талқыға түскен ауқымды форумда журналистиканы цифрландыру, ақпарат саласына дендеп енген жасанды интеллектінің мәлім де беймәлім құпиялары, адамның қарым-қабілетінен асып түсетін тың платформаларды игеру, фейк пен дипфейкті ажырату, жеделдік, ашықтық және нақтылық қағидалары, сенім мен жауапкершілік тақырыптары кеңінен сөз болды. Биыл оныншы мәрте ұйымдастырылған маңызды шарада отандық және шетелдік ақпарат құралдарының өкілдерінен бөлек, түрлі технологиялық компания мен креативті индустрия мамандары да белсенділік танытты.
«Media. Human. AI: 10 жылдық трансформация. Сенімнің жаңа архитектурасы» деп аталған форум аз күнде медиа саласының ең өзекті мәселелерін талқылап қоймай, жаңа идеялар мен ынтымақтастыққа жол ашатын маңызды кәсіби алаңға айналып үлгерді. Онжылдық форум ақпараттық технологиялар қарқынды дамыған бүгінгі кезеңде журналистиканың жауапкершілігі мен қоғам алдындағы міндетін тағы бір мәрте айқындап берді.
Журналистер қауымын бір алаңда біріктірген форумда ҚР Мәдениет және ақпарат бірінші вице-министрі Қанат Ысқақов сөз алып, отандық ақпарат құралдарының бүгінгі тынысы жайлы баяндама жасады. «Осыдан он жыл бұрын Қазақстанда шамамен 2,5 мың БАҚ тіркелген еді. Ол кезде жаңалықтың негізгі көзі теледидар болатын. Бүгінде елімізде 5,5 мыңға жуық БАҚ тіркеліп, интернет пайдаланушылардың үлесі 98 пайызға жетті. Ақпарат тұтыну дағдысы да өзгерді. Отандастарымыздың 45-50 пайызы жаңалықты әлеуметтік желіден оқиды. Он жылдан бергі жағдайды алып қарасақ, бүгінгі медиа интернет кеңістігіне ойысып, жасанды интеллектіні қолдана бастады. Блогерлер мен инфлюенсерлер де дәстүрлі редакциялармен бәсекеге түсіп, қоғамдық пікірге ықпал етіп отыр. Кәсіби журналистика заман талабына сай өзгеріп барады», – деді бірінші вице-министр.
Оның айтуынша, бүгінде халық жаңалықтарды оқып, түсінуі үшін ЖИ чат-боттарын пайдаланатын болған. Бүгінде ондай адамдардың үлесі 7-ден 20 пайызға дейін өскен. Бірақ министрлік өкілі бұл жерде үлкен қауіп қатер тұрғанын да ескертті. «Журналистің жұмысын жеңілдететін технология санаулы минуттың ішінде адамның дауысы мен бейнесін қолдан жасай алады. Үкімет мүшелері, әкімдер мен танымал тұлғалардың бейнесі пайдаланылған дипфейктер көбейді. Бұл саяси арандату мен алаяқтық әрекеттерге де қолданылды. Сондықтан жаңа технологияны пайдалану қауіпсіздік пен жауапкершілік қағидаттарына сай болуы керек», – деді Қанат Ысқақов.
Пленарлық сессия үш күнде бірнеше маңызды тақырыпты қамтыды. Бірінші күні ақпарат таратудағы сенім қағидасы, жауапкершілік шекарасы, цифрлық орта қалыптастыру, аударма, жаңалықтарды түсіну мен саралаудың тың тәсілдері талқыланса, ертесінде спикерлер Қазақстанның ақпараттық саясаты, отандық вайб, медианарықтағы жарнама, медиасауаттылық, әлеуметтік желі және медиакеңістік мәселелерін әңгіме өзегіне айналдырды.
Форумда Euronews телеарнасының Әзербайжандағы өңірлік коммуникация жөніндегі жетекшісі Надира Тюдор пікір білдіріп, технология қанша дамыса да, медианың түпкі адресаты адам екенін атап өтсе, «Хабар» агенттігінің басқарма төрағасы Ләззат Танысбай дәстүрлі ақпарат құралдарының рөлі қашанда жоғары екенін, жасанды интеллектіні журналистикаға кеңінен қолданудан гөрі телеарнаның алтын қорын, архивін цифрландыруға баса көңіл бөлу абзал екенін жеткізді. Сол сияқты ЮНИСЕФ-тің Қазақстандағы өкілінің міндетін атқарушы Эльвира Яушева балалардың цифрлық ортадағы белсенділігіне баса назар аударды. Оның айтуынша, 2023 жылы Қазақстанда жүргізілген онлайн сауалнамада 9-17 жастағы балалардың 46 пайызы интернетті 5-8 жастан бастап пайдаланатыны белгілі болған. Спикер бұл көрсеткіштің бір жағы, зор қаупі барын, екінші жағынан, мол мүмкіндік екенін алға тартты. Қырғыз елінен келген «Жетінші арна» телеарнасының бас директоры Илязбек Балташев та жасанды интеллектіге қауіп деп емес, керісінше, тілшінің тегеурінін арттырып, кәсіби шеберлігін шыңдайтын қосымша көмекші құрал деп қараудың маңыздылығын түсіндірді. Медиа алаңда түрлі сарапшы-мамандар пікір білдіріп, журналистикаға қойылып отырған заманауи талаптарды дәлелді уәжбен түсіндірді. Әртүрлі БАҚ өкілдері мен өңірден жиналған тілшілер қауымы форумда шеберлік сыныптарынан, кәсіби шыңдалудан өтті.
Форум сессиясында сөз алған медиаменеджер Асқар Жалдинов болса, бүгінгі таңда журналистиканың мақсаты қатты өзгеріп жатқанын тілге тиек етті. Маман өз сөзінде кейбір журналистер ақпарат таратуға емес, эмоция тудыруға басымдық беріп кеткенін атап өтті. Сонымен бірге ол мемлекеттік ақпараттық саясатқа өзгерістер керегін, журналистердің басын қосатын ауқымды ұйым, бірлестік қажет екенін айтты.
Жиында «Qazaq Creative Power: Қазақстандық вайбты кім қалыптастырады?» атты пікірталас өтті. Жазушы Мақсат Мәлік жүргізген сессияда KBTU және әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың аға оқытушысы Арын Құнанбайұлы, «Саяхат Time» жобасының авторлары Ернар Алмабек пен Жазира Байдалы ұтымды пікірлерімен бөлісті.
Форум қорытындысында мерзімді басылымдар мен сайттарға, телеарна мен радио ұжымдарына, үздік журналистерге дәстүрлі «Үркер» және «Тұмар» сыйлықтары табысталды. Салтанатты шарада ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырықбаев тілшілер қауымына құттықтау сөзін арнап, мемлекет қашанда ақпарат саласын қолдауды жалғастыра беретінін айтты. Қазылардың нәтижесіне сәйкес, «Жетінші арна», «Жібек жолы», «Astana TV» «24.kz» телеарналары, Қазақ радиосы мен Altainews.kz, Bestnews.kz, Tengri TV сайттарының жеке жобалары топ жарды. Барлық жеңімпазға бір миллион теңгенің сертификаттары берілді. Бұдан бөлек, форумда «Үздік баспасөз қызметі» аталымы бойынша ҚР Қаржылық мониторинг агенттігі мен Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметтері жеңімпаз болды. Ал «Үздік баспасөз хатшысы» аталымына ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі баспасөз қызметінің жетекшісі Айнаш Қойшыбаева мен Түркістан облысы әкімі баспасөз қызметінің жетекшісі Мира Сүлейменова лайық деп танылды. «Үздік талдамалық материал» аталымы бойынша «Казахстанкая правда» газетінің, «Үздік телевизиялық материал» негізінде «Қазақстан» телеарнасының, «Үздік материал» номинациясы бойынша «Ақтөбе» газетінің тілшілері топ жарды. «Еуразия» бірінші арнасынан Вероника Вишневская «Үздік тележүргізуші» атанса, «31 арнаның» «Информбюро» бағдарламасы Qazaqstan media awards арнайы марапатын иеленді.
Қуаныш ТҰНҒАТАР
Астана қаласы
