Қырғыз елінің астанасы Бішкек қаласында 22-24 қазан күндері VI Халықаралық түркі дүниесінің коммуникация және өнер симпозиумы өтіп, онда Орталық Азияның журналистері мен ғалымдары ақпараттық кеңістікті дамыту, өнер мен мәдениет саласындағы ынтымақтастық тақырыптарын талқылады. Шараға Қырғызстаннан бөлек, Түркия, Әзербайжан, Өзбекстан, Қазақстан елдерінен университет ғалымдары, профессорлар, ақпарат, мәдениет саласының өкілдері шақырылды.

Түркі халықтарының ғылым, мәдениет, өнер және ақпарат саласындағы өкілдерін біріктірген халықаралық жиынға Қазақстан Журналистер одағының жауапты хатшысы Баян Рамазанова мен Қазақстан Журналистер одағының Алматы облысындағы жетекшісі, Алматы облыстық қоғамдық-саяси “Алатау арайы” газетінің бас редакторы Қуаныш Тұнғатар да қатысып қайтты.
Бішкектегі беделді жоғары оқу орындары — Манас және Жүсіп Баласағұн атындағы Қырғыз ұлттық университеттерінде ұйымдастырылған басқосу түркі дүниесіндегі кәсіби байланыстарды нығайтуға, ортақ мәдени мұраны кеңінен насихаттауға және заманауи коммуникацияның мүмкіндіктерін талқылауға бағытталды. Халықаралық симпозиумда журналистер мен зерттеуші-ғалымдар, режиссерлар тарапынан коммуникация және кино тақырыбындағы өзекті мәселелер көтерілді. Бағдарлама аясында қатысушылар жасанды интеллектіні пайдалану, цифрлық медианың дамуы, жалған ақпаратпен күрес, хабар таратудың жаңа қағидасы, мәдени дипломатия және кино өнеріндегі ынтымақтастық туралы тәжірибе алмасты.

Түркі халықтарының тілі мен тарихы, салт-дәстүрі мен мәдениеті бағзыдан өзара тамырлас. Сондықтан осындай игі құндылықтарды ақпарат құралдары арқылы насихаттау, жаңалық алмасуды жандандыру және бірлескен медиа жобаларды дамыту – мәдениет пен ақпарат өкілдеріне, журналистер қауымына ортақ міндет. Осы орайда Түркия, Қырғызстан, Қазақстан, Өзбекстан және Әзербайжан елдерінің журналистер ұйымы өзара әріптестік туралы меморандумға қол қойды. Симпозиум аясында өткен өзара ынтымақтастық шарасында түркі елдеріне ортақ ақпараттық портал ашу және оны жүргізу жұмыстары да талқыланып, тараптар алдағы күндерде де жаңа жобаларды бірлесе атқаруға уағдаласты. Шара шеңберінде Қырғызстан Журналистер союзының атынан Қазақстан Журналистер одағының жауапты хатшысы Баян Рамазановаға, Түркия, Өзбекстан, Әзербайжан журналистер ұйымының төрағалары мен мүшелеріне “Құрметті журналист” төсбелгісі мен арнайы марапаттар тапсырылды.
“Бүгінгі басқосуда түркі елдерінің журналистері, ғылым саласының өкілдері коммуникация, мәдениет және өнер тақырыбында пікір алмастық. Орталық Азияда журналистика сапасын жаңа деңгейге көтеру жайын талқыладық. Жаңа ұсыныстар, идеялар ортаға салынды. Жасырары жоқ, бүгінде жасанды интеллект журналистиканың дамуына үлкен әсерін тигізіп отыр. Бірақ жасанды интеллект журналистиканы толық алмастыра алмайтыны анық. Өйткені, журналист оқиға болған жерге барып, көзімен көріп, терең сараптама, талдау жасай біледі. Ал жасанды интеллектінің ондай мүмкіншілігі жоқ. Біз жасанды интеллектіге жаңа технология, көмекші құрал ретінде қарап, оған жұмысымызды жеңілдету үшін әрі қосымша ақпарат алу мақсатында дұрыс бағыт енгізе алғанымыз жөн. Бүгінгі қол қойып отырған өзара әріптестік туралы меморандум да Орталық Азияның ақпараттық кеңістігін дамытуға тың серпін береді деп сенемін. Түркі елдерінің журналистеріне ортақ портал ашу идеясы бұрын да жиі айтылған. Бүгін, міне, Мендерес мырза сол бастаманы жүзеге асырып отыр. Бұл іске қуаныштымыз. Жиынды ұйымдастыруға мұрындық болған Түркі дүниесі журналистер федерациясының төрағасы Мендерес Демир мырзаға, Қырғызстан Журналистер союзының төрағасы Илязбек Балташев мырзаға ерекше алғысымызды білдіреміз”, — деді Қазақстан Журналистер одағының жауапты хатшысы Баян Рамазанова.
Бішкекте өткен халықаралық деңгейдегі басқосу түркі дүниесінің ақпарат, ғылым және мәдениет салаларындағы ынтымақтастығын тереңдетуге бағытталған маңызды кәсіби алаңға айналды. Осындай кездесулер журналистер арасындағы әріптестік байланысты бекемдеп, ортақ тарих пен мәдениетті кейінгі жас буынға танытуға және түркі халықтарының рухани-мәдени байланысын нығайта түсері сөзсіз.
ӨЗ ТІЛШІМІЗ
Бішкек қаласы,
Қырғыз Республикасы

