Перейти к содержимому
Басты бет / Барлық жаңалықтар / АҚБАСТАУ АУЫЛЫНА ТАБИҒИ ГАЗ БЕРІЛДІ

АҚБАСТАУ АУЫЛЫНА ТАБИҒИ ГАЗ БЕРІЛДІ

62 қаралым

Республика күні қарсаңында ақбастаулықтардың қуанышы еселене түсті. Еңбекшіқазақ ауданы Балтабай ауылдық округіне қарасты Ақбастау ауылына табиғи газ берілді.

«Қуанышты бөліспекке» демекші, осынау жақсы жаңалықты жұртқа жеткізіп, ауыл тұрғындарының табиғи газға қосылуын жергілікті әкімдік салтанатты түрде атап өтті. Ауыл тұрғындары тегіс жиналған қуанышқа аудан әкімінің орынбасары Ертай Сұлтанәлиұлы да қатысып, жүрекжарды тілегін білдірді.

«Балтабай ауылдық округі құрамындағы жеті ауылдың алғашқысы болып, Ақбастау ауылы көгілдір отынға қол жеткізіп отыр. Бүгінде газ құбырлары ауыл аумағының тең жартысына жүргізілді. Алғашқы үш тұрғын үй газға қосылып та үлгерді. Бұл – ауыл тұрғындарының тұрмыс сапасын арттырып, халыққа қолайлы жағдай жасау жолындағы маңызды қадам», – деген округ әкімі Сәуле Алипова Ақбастауда басталған игі іс қалған ауылдарда да жалғасын тауып, тұрғындар алдағы уақытта газға қосылатынын айтты.

Бүгінде Ақбастау ауылында 335 аула бар, ал тұрғындар саны – 1545 адам. Ауылды табиғи газбен қамтамасыз ету жұмыстарын мердігер «Stroy GM» ЖШС жүзеге асырып жатыр. Іс-шара барысында округтік ақсақалдар алқасының төрағасы Талғат Қыдырманұлы халыққа ақ батасын беріп, игі бастаманың сәтті жүзеге асуына тілектестігін білдірді.

Құралай МҰРАТҚЫЗЫ

Еңбекшіқазақ ауданы

↑