Перейти к содержимому
Басты бет / Барлық жаңалықтар / Бөлексаздағы шаттық мерекесі

Бөлексаздағы шаттық мерекесі

63 қаралым

Республика күні – халқымыздың рухын көтеріп, елдігімізді нығайтатын ұлы мереке. Кеген ауданы Бөлексаз ауылдық округінде еліміздің басты ұлттық мерекелерінің бірі – Республика күніне арналған салтанатты іс-шара жоғары деңгейде аталып өтті.

Мерекелік шара Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Гимнімен басталып, ауылдық округ әкімі Серік Құныпияев ауыл тұрғындарын айтулы мерекемен құттықтап, егемендігіміздің мәні мен маңызына тоқталды.

Шара барысында ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосып жүрген бірқатар азаматтар мен мекеме қызметкерлері аудан әкімінің, «Әділет» партиясы Кеген аудандық филиалының Алғыс хаттарымен марапатталды. Жастар ісі жөніндегі әдіскер нұсқаушы Айғаным Тұрғынбайқызы көпшілікті мерекемен құттықтап, жылы лебізін жеткізді. Мерекелік бағдарлама ауылдық Мәдениет үйі өнерпаздары мен мектеп оқушылары дайындаған патриоттық әндер мен билерге ұласты. Сахна төрінде «Атамекен», «Туған жер» сынды жүрек тебірентер әндер шырқалып, көрерменге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

Шара соңында ауыл ақсақалдары ақ батасын беріп, жас ұрпақты елін, жерін сүюге, Тәуелсіздікті қастерлеуге шақырды.

Дәурен ӘБУТӘЛІПОВ

Кеген ауданы

↑