Құрылыстың басталу салтанатына Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев, Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова, сондай-ақ құрылыс саласының мамандары мен халықаралық компаниялардың өкілдері қатысты.

Салтанатты рәсімде жаңа жобаның тұжырымдамасы таныстырылып, оның Aлатау қаласын дамытудағы маңызы туралы айтылды. Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев Алатау қаласына ерекше құқықтық мәртебе берілегенін атап өтті. «Алатау қаласы – еліміз үшін стратегиялық маңызы зор жоба. Iconic Complex құрылысының басталуы – Қазақстанның келешектегі келбетін танытын заманауи қала жобасының іске асуындағы елеулі қадамдардың бірі. Алатау қаласын дамыту мәселесі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тұрақты бақылуында. Биыл мамыр айында Алатау қаласына арнайы құқықтық мәртебе берілді. Соған сай қаланы дамытуда инновация, инвестиция және экономикалық өсім үшін қолайлы орта құруға бағытталған дербес экожүйені қалыптастыруды көздейтін түбегейлі жаңа тәсілдер қолданылады. Қазір Конституциялық заңға сәйкес, қалаға мемлекеттік басқарудың жаңа моделі енгізілді. Атап айтқанда, кәсіпкерлік, кеден ісі, цифрлық активтер, әлеуметтік сала, қаржы нарығы, архитектура мен қала құрылысы, экология әрі қоршаған ортаны қорғау, басқа да салаларды реттеудің негізгі қағидалары белгіленді. Бүгінде негізгі капиталға салынған инвестициялар өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 1,6 есеге өсті. Салымдардың 45 пайыздан астамы сыртқы инвестиция саналады. Алатау қаласының инвестициялық портфелінде 7 млрд долларға жуық 67 жоба қамтылған. Жүзеге асырылып жатқан жобалар 55 мыңға жуық жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді», – деді Қанат Алдабергенұлы.

Жобаға қатысушылардың айтуынша, Iconic Complex өңірдегі технологиялық және инвестициялық орталықты қалыптастыруға үлес қосатын сәулет нысандарының бірі болмақ. Iconic Complex Aлатау қаласының Gateway District іскерлік ауданында орналасады. Барлық нысан шамамен 12,6 гектар аумақты қамтиды. Кешеннің жалпы жобалық ауданы – 292 350 шаршы метр. Оның жерүсті бөлігінің ауданы – 227 350 шаршы метр. Кешеннің ең биік нысаны – T2 мұнарасы. Оның биіктігі 272 метр болады. Жоба аяқталғаннан кейін бұл ғимарат Қазақстанның оңтүстігіндегі ең биік нысанға айналуы мүмкін. T2 мұнарасында кеңселер, қонақүй, 75 апартамент және панорамалық көрінісі бар Sky Club орналасады. Ал биіктігі 78 метр болатын T1 мұнарасында 200 апартамент қарастырылған. Әр қабатта терраса, ғимараттың төбесінде бақ болады. Осылайша, екі мұнарадағы апартаменттердің жалпы саны 275-ке жетеді. Iconic Complex құрамындағы сауда орталығы 40 мың шаршы метр аумақты қамтиды. Мұнда дүкендер, супермаркет, мейрамханалар мен кафелер ашу жоспарланған. Сауда нысандары кешен аумағының оңтүстік бөлігінде орналасады. Құрылысқа толығымен жеке инвесторлар есебінен 800 миллионнан 1 миллиард АҚШ долларына дейін қаражат жұмсалады. Жобаны отандық девелопер Alatau City Iconic Complex жүзеге асыруда. Жобаның концепциясын әлемге танымал американдық SOM бюросы мен британдық Zaha Hadid Architects әзірлеген. Бас мердігер ретінде белгілі қытайлық CSCEC корпорациясы тартылған.
Ерзат АСЫЛ
Алатау қаласы

